Ерекше

Аудит тексерісінен соң Атырауда 500-ге тарта шенеунік жазаланды

Атырау облысында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде жалпы сомасы 40 998,7 млн теңге мөлшерінде заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Atpress.kz-ке сілтеме жасап.

БАСШЫ БӨЛІСКЕН МӘЛІМЕТ

Бұл 11 айдың қорытындысы. Берілген мәліметтерге сәйкес, анықталған бұзушылықтардың 19 285,2 млн теңгесі рәсімдік сипаттағы, ал 21 743,5 млн теңгесі қаржылық заңбұзушылықтарға тиесілі.

«Камералдық бақылау аясында 12 856 мемлекеттік сатып алу рәсімі тексерілді. Оның 2 042-сінде жалпы сомасы 32 198,7 млн теңгені құрайтын заңбұзушылықтар анықталды. Белгіленген барлық факті бойынша тиісті хабарламалар жолданып, олар толық көлемде орындалды. Тексеру нәтижесінде 497 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 45,1 млн теңге, оның 38,3 млн теңгесі бюджет кірісіне өндіріліп алынды», – деді Мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Маулен Мутиев.

ДЕПАРТАМЕНТ ТАҒЫ НЕНІ БАҚЫЛАЙДЫ

Сонымен қатар аталған департамент ішкі аудит қызметін үйлестіреді. Соған сәйкес оларға әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді. Одан өзге, тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін әзірлеп, бекітеді.

Атап айтқанда, осы жылдың 11 айында Атырау облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі жеті аудиторлық іс-шара өткізген. Оның алты материалы бойынша департамент сапаны бақылау жүргізіп, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес келетіндігі жөнінде ескертулері бар қорытындылар шығарды.

Back to top button