Аукцион: тәркіленген Lamborghini жарияланғаннан 5 есе арзан бағада сатылып кетті
Ұйымдасқан онлайн-казино 1Win ұйымдастырушыларынан тәркіленген ашық жасыл түсті Lamborghini Huracan мемлекеттік аукционда сатылып кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сауда бүгін, 20 ақпанда өтті. Аукцион бағаны төмендету форматында ұйымдастырылды. Яғни лот құны қатысушылардың бірі оны сатып алуға келісім бергенге дейін біртіндеп төмендей береді.
Көліктің бастапқы бағасы 343 332 000 теңге болған. Сауда барысында баға қарқынды түрде арзандап, ақырында 66 507 352 теңгеге тоқтады – дәл осы сомаға лот сатылды.
Айта кету керек, рұқсат етілген ең төменгі баға 57 222 000 теңге болған.
Бұған дейін электрондық сауда сайтында 2016 жылы шығарылған ашық жасыл түсті Lamborghini Huracan көлігін сату туралы хабарландыру жарияланған болатын. Сатушы ретінде қаржы министрлігінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті көрсетілген.
Сатушы ұсынған мәліметке сәйкес, автокөліктің техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған: кілті бар, алайда техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, сондай-ақ тұтастығына қатысты тексеріс жүргізілмеген. Бұған қоса, көлікке шектеу қойылып, оған тыйым салынған.