
Сот үкімімен қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Жас баласының болуына байланысты сотталушының жазасын өтеу мерзімі екі жылға шегерілді, деп хабарлайды Тizgin.kz.
Бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған айыптау үкімін шығарды. Осы үкіммен оған Қылмыстық кодекстің 74-бабының тәртібінде жазаны орындауды кейінге қалдыру шарасы тағайындалды. Кейінге қалдыруды қолдануға оның 2 жасар баласының болуы негіз болды.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру) сотқа жіберілді. Бұл бап бойынша айыпталған адамға 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, не екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстық іс бойынша сот процесін Қазыбек би аудандық сотының судьясы Арғын Құтышев қарады.
КЕШРІМ СҰРАҒАНЫ КӨМЕКТЕСПЕДІ
Тергеу нұсқасы бойынша, 22 жастағы қарағандылық қыз Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық белгілері бар жазба жариялаған. Полиция мәліметінше, оны қамауға алу себебі сол, тергеу органдары күдіктінің елден шығып кетпек болғанын анықтаған.
Алика Мұхамадиева – Қарағандыда жеткізу қызметі мен киім дүкені бар кәсіпкер. Ол Threads желісіндегі даулы жазбаларынан кейін қоғам назарында ілікті. Оның мәлімдемелері Қазақстан қоғамында қызу талқыланып, өткір сынға ұшырады. Жағдай ушыға бастаған соң бейнежазба арқылы көпшіліктен кешірім сұрады. Бірақ бұл оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға себеп болған жоқ.