Атырау облысы аумағында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген, марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиевке іздеу жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Сарсемалиев Сұлтан Самиғоллаұлы. Бір тәулік бойы іздеуде. Туған күні: 24.04.1996, жынысы: ер адам, ҚР азаматы, ұлты – қазақ. 08.01.2026 жылғы іздестіру ісі Атырау облысы өңірінде тіркелген. Бастамашы: ҚР ІІМ. Іздестіруді жүргізетін орган: Атырау облысының полиция департаменті (тел. 982155)», — делінген құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған іздеу карточкасында.

Еске салайық, Жангелді ауылындағы отбасы 2025 жылы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен болатын. 6 қаңтар күні Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі адамы – отбасы басшысы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті табылғаны хабарланды. Кейін бұл іс бойынша күдіктілердің жеке басы анықталды.
7 қаңтарда қылмысқа қаза тапқандардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев күдікті ретінде танылғаны айтылды. Ал 8 қаңтарда оның ресми түрде іздеуге жарияланғаны белгілі болды.