“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы ауысады
Аталған лауазымға осы кісі тағайындалып қалады-ау деген үміткерлер есімі әлі ресми жарияланбады. Дегенмен бірқатар БАҚ палата президиумының төрағасы қызметіне Қанат Шарлапаевтың келуі мүмкін екенін жазып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
ПАЛАТА ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ
23 қаңтарға белгіленген «Атамекен» ҰКП-ның кезектен тыс съезінің күн тәртібіне палата президиумы төрағасын сайлау мәселесі енгізілген. Бұл ақпаратты BES.media тілшісіне ұйымның баспасөз қызметі растады.Палата өкілдерінің түсіндіруінше, съезд жабық форматта, яғни БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтеді. Бірнеше кандидатура ұсынылады деп күтіліп отыр, алайда есімдері әзірге нақтыланбаған. Сонымен қатар CMN.kz басылымы дерегінше, палата президиумының жаңа төрағасы ретінде ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі бұрынғы көмекшісі, Индустрия және құрылыс экс-министрі Қанат Шарлапаевтың кандидатурасы қарастырылуы мүмкін.
ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАП-ЖАПСАРЫ
Президиум – «Атамекен» ҰКП-ның басқарушы органы. Президиум мүшелерін сайлау және қызметтен босату құқығы тек съездің айрықша құзыретіне жатады. Қазіргі уақытта ҰКП президиумының құрамында 51 мүше бар.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңға сәйкес, оның 18 мүшесі лауазымы бойынша президиум құрамына кіреді. Олар – Қазақстандағы кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және өңірлік кеңестердің 17 төрағасы. Тағы 17 мүше аккредиттелген қауымдастықтар, одақтар мен өзін-өзі реттейтін ұйымдар атынан ұсынылады. Ал қалған 16 адам қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары арасынан сайланады.