Астанада лифт үзіліп, бір адам көз жұмды, екі адам ауыр жарақат алды

Астанадағы Арыстан тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйдің лифті үзіліп, сол жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген бір адам көз жұмып, екі адам ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы Төлебаев көшесінде жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде болған қайғылы оқиға салдарынан лифт компаниясының бір қызметкері оқиға орнында көз жұмғанын хабарлайды
Тағы екі қызметкер №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Бір науқастың жағдайы – орташа ауыр, екіншісінікі – ауыр. Бірі анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде, екіншісі политравма бөлімінде жатыр. Басқарма оларға қажетті барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатқанын хабарлайды
Тұрғындар үйді салған компания мен әкімдікке наразылық білдірді. Олар бұған дейін лифттің қауіпті екені екі жаққа да ескертілгенін, шағым жазылғанын, алайда ол шағымдар ескерусіз қалғанын айтады.
P.S
Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы кейін «Арыстан» тұрғын үй кешенінде (Төлебаев к., 5 үй) 16 лифт орнатылғанын (әрбір кіреберісте 2 лифт) хабарлайды. Тұрғындар кірген сәттен бастап лифт қызметін «Эколифт» ЖШС компаниясы атқарған, алайда тұрғындардан жиі шағым түскен.
“Жауапты органдар – ЕҚК, аудан әкімдігі және тұрғын үй инспекциясының өкілдерінің тексерулері мен шығу жиындары нәтижесінде 2025 жылдың 25 қыркүйегінен бастап «A-TEKNIK» ЖШС лифт қызметін «LIFT STROY IMPORT» ЖШС компаниясына ауыстырған. 16 лифтінің тек 6-ауы ғана пайдалануға беріліп, басқарманың есебіне қойылған. Қалған 10 лифт есепке алынбаған және пайдалануға берілмеген. «A-TEKNIK» ЖШС компаниясына лифтілерге қатысты бірнеше ескерту берілген. Сонымен қатар, Астана қаласының мамандандырылған аралық экономикалық сотының шешімі бойынша құрылысшы «A-TEKNIK» ЖШС-ға кемшіліктерді жою, лифтілерді іске қосу және қауіпті техникалық құрылғыны «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ-ге есепке қою жөнінде хабарлама жіберу міндеті жүктелген. Белгілі мерзімде міндеттемелер орындалмағандықтан, құрылысшыға жеке сот орындаушы арқылы мәжбүрлі орындау тізімі жолданған, нәтижесінде «A-TEKNIK» ЖШС-ға қатысты атқарушылық іс жүргізу басталды”, – делінген хабарламада.
Басқарма оқиға кезінде қызмет көрсетуші ұйымы лифтіні пайдалануға беру үшін жөндеу-қалпына келтіру жұмысын жүргізіп отырғанын хабарлайды. Лифтінің құлау фактісі бойынша еңбек инспекциясы, полиция департаменті, тұрғын үй инспекциясы және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдерінен комиссия құрылған. Оқиғаның себептері тергеліп жатыр.