Астанада үйдің қаптама құлап, адамды құтқармақ болған фельдшер ауыр жарақат алды

Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің алдыңғы бөлігіне орнатылған кондиционер қондырғысы мен сыртқы кірпіш қаптама құлап, бес адам зардап шекті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында (24Б) болған. Informburo мәліметінше, зардап шеккендер арасында жедел жәрдем фельдшері де бар. Ол балаларды құтқарам деп өзі де ауыр жарақат алған.
«Байқоңыр ауданының жедел жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істейтін әйелім оқиға орнына шақырту бойынша барған. Сол жерде балалар жылап жатқан, ол оларды және бір ер адамды құтқаруға жүгіріп барған. Дәл сол сәтте тоғызыншы қабаттан кондиционер оның басына құлап түсті», – дейді зардап шеккен әйелдің күйеуі.
Дәрігерлер әйелге бас-ми жарақаты (БМЖ) диагнозын қойған. Фельдшердің бет сүйектері сынған, бас сүйегіне трепанация жасаған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлығы бес адам №1 қалалық ауруханаға жеткізілген, олардың біреуінің жағдайы ауыр делінген.