Без рубрикиЕрекше

Құрылысы сағызша созылған Астанадағы LRT пойызының қашан іске қосылатыны белгілі болды

Алдағы уақытта LRT желісінің жұмыс уақыты ұлғайып, жаңа станциялар қосылып, бағыттар кеңейеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Bes.media-ға сілтеме жасап.

НЕ БОЛДЫ

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мәжіліс кулуарларында берген сұхбатында LRT пойызын 29-30 қыркүйекте іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Келесі аптада деп отырмыз. Әлі қыркүйектің соңы болған жоқ. Жалпы, алғашқы пойызды 29-30 қыркүйекте “Абу-Даби” станциясынан бастап, Мәңгілік Ел даңғылы арқылы өтетін көпір бағытына қарай іске қосуды көздеп отырмыз. Жолақысы – 200 теңге, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, кейін LRT желісінің жұмыс уақыты біртіндеп ұзартылып, жаңа станциялар іске қосылады. Маршруттар кеңейіп, пойыз саны көбеймек. Желтоқсанның соңына қарай немесе қаңтардың ортасында барлық құрам сынақ режимінде жұмыс істейтін болады деп күтілуде.

ЖОБА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

Бұған дейін Астанадағы LRT жүйесін 2025 жылдың соңына дейін толық іске қосу жоспарланғаны хабарланған еді. Жақында LRT жобасының барлық тіреуіш бағаны орнатылып бітті. Құрылыс барысын Премьер-министр Олжас Бектенов барып тексерді.

Жыл соңына дейін станциялардың негізгі темір-бетон конструкцияларын аяқтау жоспарланған. Мәлім болғандай, келесі жылы рельс төселіп, станциялар әрленеді. Депо құрылысы мен жылжымалы құрам жеткізіліп, Қабанбай батыр мен Қалдаяқов көшелерінің астындағы кеңістік абаттандырылады.

Жалпы, 18 станция мен 652 жолаушыға лайықталған 19 құрам көзделген. Пойыздар 4–5 минут сайын жүріп отырады. Бастапқы кезеңде күніне 25 мың жолаушы тасымалданады деп күтілсе, жобаның толықтай қуат алғанда бұл көрсеткіш тәулігіне 92 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Жолақы төлеу көлік картасы немесе QR-код арқылы жүзеге асады.

LRT-НЫҢ ТАРИХЫ

Бұл жобаның тарихы 2011 жылдан басталады. Әуелде LRT құрылысын 2020 жылға дейін аяқтау жоспарланған еді. Алайда мерзімдер бірнеше рет өзгеріп, кейін жемқорлық жанжалдарға байланысты жоба мүлде тоқтады. 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін құрылыс қайта жанданды.

LRT жобасының алғашқы бастамасы 2008 жылы көтерілген. Сол жылы 100% әкімдікке тиесілі “Astana LRT” ЖШС құрылып, ол жобаның ресми тапсырыс берушісі атанды. Жобаға Францияның Alstom компаниясы серіктес болады деп жоспарланған. Француз үкіметі 570 мың еуро көлемінде грант бөлген.

2011 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс басталар кезде капсула салу рәсіміне қатысқан. Алайда кейін қаржыландыру мәселелері туындап, жоба тежелді. 2014 жылы, Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев Астана әкімінің орынбасары болып тағайындалғаннан кейін, жоба Қытай серіктестерінің араласуымен қайта жандандырылды. Қытай даму банкінен 1,6 миллиард доллар несие алынды. Алайда оның 257,6 миллион доллары із-түзсіз жоғалып, кейін “Астана банкі” жабылып қалды.

Back to top button