ЕрекшеҚоғам

Астанадағы аналар наразылығынан кейін Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

10 қарашада Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар қатарында қызмет атқару барысында зардап шеккен және қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев кездесті, деп хабарлайды Tizgin.kz Қорғаныс министрлігінің Telegram парақшасына сілтеме жасап.

ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫ НЕ ДЕДІ

Кездесу Азаматтарды қабылдау орталығында өтті. Оған сондай-ақ тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов және басқа да күштік құрылымдардың өкілдері қатысты.

Біз әр жағдайдың артында адам тағдыры тұрғанын түсінеміз. Әрбір әскери қызметшінің қазасы – біз үшін үлкен қайғы. Қорғаныс министрлігі және өзге де күштік құрылымдар мұндай қайғылардың алдын алу үшін барлық шараларды қабылдайды. Біз моральдық-психологиялық ахуалды бақылауды күшейтіп, командирлерді оқытамыз, жаңа профилактикалық әдістерді енгізудеміз, әскери психологтар институтын кеңейтіп жатырмыз. Бүгінде әрбір командирдің жауапкершілігі бұрынғыдан да жоғары, – деді ол.

“КОМАНДИРЛЕР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ”

Армияда «Өмірді сақта» және «Заң және тәртіп» бағдарламалары енгізілуде, жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ол дер кезінде күмәнді белгілерді анықтауға және қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектеседі. Қазармалар мен қызметтік үй-жайларда бейнекамералар орнатылған, ал ата-аналар «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы аптасына сайын әскери қызметшілермен видеобайланысқа шыға алады.

Сонымен қатар қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде Сарбаздар аналары комитетімен жұмыс жүргізілуде. Бұзушылықтар анықталған жағдайда командирлер жеке жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің ата-аналарымен ашық және құрылымды диалог жүргізуге дайын екенін растайды. Кездесу барысында айтылған барлық өтініш тиісті рәсімдерге сәйкес мұқият қарастырылып, әділдік және заңдылық қағидалары негізінде шешім қабылданады, – делінген ақпаратта.

МӘН-ЖАЙЫ

Еске салайық, бүгін күндіз Астанада әскери борышын өтеп жүріп қаза болған және жараланған сарбаздардың аналары наразылық акциясына шықты. Олар министрліктер үйінің алдында жиналып, армияда орын алған заңсыздықтарға ашық тергеу жүргізуді және жүйелі реформалар жүргізуді талап етті. Акция барысында әскери колледжде оқып жүрген кезінде ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова аналардың ортақ үндеуін оқып берді. Ол елде сарбаз өліміне қатысты істердің жабулы күйінде қалатынын айтып, ашық тергеу жүргізуді талап етті.

«Біз ата-аналар, сарбаз өлімін тоқтату үшін белсенді араласуға дайынбыз. Тергеу әділ және ашық жүргізілсін! Барлық күмәнді істер қайта қаралсын! Тергеу барысында қоғам мен БАҚ өкілдері тікелей қатыссын! Тәуелсіз комиссия құрылсын!» – деді ол.

Back to top button