Астанада Ұлдана Мырзуанға мемориалдық тақта ашылды
Қараша айында тоғыз қабатты тұрғын үй қасбетінен кірпіш қаптаманың бір бөлігі мен кондиционер құлап, фельдшердің үстіне түскен болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
МИНИСТР НЕ АЙТТЫ
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ажал құшқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне қалалық жедел медициналық көмек станциясы ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, марқұмның туыстары мен жедел медициналық көмек станциясының қызметкерлері қатысты.
«Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астанадағы “Даналық” колледжінде емдеу ісі мамандығы бойынша фельдшер болып білім алып, оқу орнын үздік тәмамдады. Бүгін сол колледжде Ұлдананың есімі берілген арнайы аудитория ашылады», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, Ұлдана оқуын аяқтаған соң ғұмыры үзілгенше Астанадағы жедел медициналық көмек станциясында еңбек еткен. Жастығына қарамастан, кәсіби адалдығымен, төтенше жағдайларда дербес әрі жедел шешім қабылдай алуымен ерекшеленген жоғары білікті маман ретінде танылған.
«Қазақстандағы 300 мыңнан астам медицина қызметкерінің және өз атымнан Ұлдана Қалдарханқызының туыстарына, анасына, жақындарына, жұбайына және жедел жәрдем ұжымына көңіл айтамын», – деді министр.
ЕСІМІ ТАРИХТА ҚАЛҒАН ФЕЛЬДШЕР
Сондай-ақ ведомство басшысы Ұлдана Мырзуанның есімі отандық медицина тарихында мәңгі қалатынын атап өтті.
Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы марқұм қызына көрсетілген құрмет үшін Денсаулық сақтау министріне және медицина саласының өкілдеріне алғысын білдірді. Ал елордалық жедел медициналық көмек станциясы қызметкерлері мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.
МӘН-ЖАЙЫ
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан Астанада ғимарат қасбеті опырылып, ауыр жарақат алғаннан кейін жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қайғылы оқиға сенбі күні, 8 қарашада, елордадағы тоғыз қабатты тұрғын үй қасбетінен кірпіш қаптаманың бір бөлігі кондиционер қондырғысымен құлаған кезде болды. Үйінді астында бес адам қалған.
Кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен Астана қаласының жедел медициналық көмек станциясы фельдшері Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен қайтыс болғаннан кейін марапатталды.