Астанада сот орындаушылары өндіріп алушылардың ақшасын құмар ойындарға жұмсаған
Келтірілген жалпы шығын 26 миллион теңгеден асты. Аталған сот орындаушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙДА ЖҰМСАДЫ
Ресми ақпаратпен Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер бөлісті. Мәлім болғандай, сот орындаушылары екі жыл бойы сот актілерін орындап, мемлекет қазынасын толықтырудың орнына, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаражатты иемденіп, жеке мақсаттарына, соның ішінде құмар ойындарға қатысуға жұмсаған. Сол сияқты жеке және заңды тұлғалардың қаражаты да жымқырылған. Жалпы шығын 26 млн теңгеден асты.
ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Сот орындаушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, кейін олар келтірілген шығынды толығымен өтеді. Тергеу нәтижелері бойынша уәкілетті орган оларды лицензияларынан айыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Өз кезегінде, осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін уәкілетті органға қарыз сомасын тікелей өндіріп алушыларға аудару және атқарушылық санкцияны есептеу үшін жасанды интеллектті пайдалану ұсынылды, – делінген ақпаратта.