Астанада әткеншекке таласып, шаш жұлысқан әйелдер 50 күнге қамалуы мүмкін

Астанадағы «Лазурный квартал» тұрғын үй кешеніндегі балалар алаңында екі әйел қатты төбелесіп қалған. Полиция осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әуелі оқиға туралы ақпарат «Криминальный Казахстан» тelegram-арнасында пайда болды. Олардың мәліметінше, жанжал әйелдердің бірінің күйеуі өзге біреудің баласын ұрғаннан кейін туындап, екінші әйел кәмелетке толмаған баланы қорғамақ болған. Дегенмен, елордалық құқық қорғау органдары оқиғаның ресми мән-жайын ашып, тұрмыстық жанжалды басқаша сипаттайды.
“Оқиғаға балалардың әткеншекке кезектесе тебуіне байланысты туындаған дау себеп болған. Ата-аналар мәселені сабырмен шешудің орнына ашуға бой алдырып, балалардың көзінше бір-біріне дене жарақатын салған. Мұндай әрекетті еш ақтауға болмайды. Ересектер өз әрекеттері үшін жауапкершілікті, әсіресе жанында балалар болған кезде, түсінуге міндетті”, – дейді қалалық полиция.
Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мұндай әрекет үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Полиция тұрмыстық жанжалда күш қолдануға жол берілмейтінін, дөрекілік пен төбелеске ұласқан кез келген агрессияға құқықтық баға берілетінін ескертеді.