
Қазақстанның Қорғаныс министрі, генерал-майор Айдос Мырзахметов әр жылдары әскери қызмет кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің туыстарынан құралған бастамашыл топты қабылдады. Азаматтарды қабылдауға Бас әскери прокурор мен ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері де қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Әрбір өтініш мұқият қаралады»
Кездесу барысында әскери қызметшілердің жақындары өз мәселелерін жеткізді. Қорғаныс министрі ведомство олардың өтініштеріне түсіністікпен қарайтынын және әрқайсысына нақты жауап берілетінін айтты.
«Қорғаныс министрлігі қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасының қайғысына ортақтасып, туыстарының өтініштеріне түсіністікпен қарайды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, нақты жауап беріледі», – деді Айдос Мырзахметов.
Министр ұсынылған материалдарды зерделейді
Кездесу соңында министр әрбір жағдаймен жеке танысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ туыстары ұсынған материалдарды зерделеп, өтініштерді мұқият қарауға уәде берді.