Ерекше

Артықбаевқа “Қазақмысты” сатып алу үшін миллиардтарды кім берді

Швейцариялық трейдер Mercuria Energy Group «Қазақмысты» сатып алу үшін кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа $1,2 млрд көлемінде қаржыландыру ұсынды. Bloomberg дерегінше, бұл қаражат өнімге алдын ала төлем жасау шартымен берілген, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

MERCURIA-НЫҢ ЕЛДЕГІ ЫҚПАЛЫ АРТЫП КЕЛЕ МЕ

Басылым мәліметінше, келісім 8 жылға есептелген. Алғашқы төрт жылда Mercuria жыл сайын 200 мың тонна мыс катодын алып отырады. Кейін төлем өндіріс көлемінің белгілі бір пайызы арқылы жүзеге асырылады.

Mercuria-ның металлургия бағыты бойынша тең жетекшісі Костас Бинтас бұл келісімді өзінің бүкіл мансабындағы «металлургия саласындағы алдын ала қаржыландыру кезеңіндегі ең ірі мәміле» деп атады.

Bloomberg-тің пайымдауынша, бұл келісім Mercuria-ның Қазақстандағы ықпалы күшейгенін көрсетеді. Ұзақ уақыт бойы металдар нарығында Glencore, ал мұнай саласында Vitol үстемдік еткен аймақта швейцариялық трейдердің белсенділігі артып келеді. Сарапшылар мұны елдегі меншік құрылымының жаһандық қайта бөлінуімен байланыстырады: активтер «ескі Қазақстан» элиталарынан жаңа иелерге өтіп жатыр. Осы транзитте Mercuria негізгі қаржылық серіктес рөлін атқаруда.

Қаржыландыру мыс бағасының жеткізу тізбектеріндегі кідірістер мен АҚШ баж салығын енгізу қаупіне байланысты тоннасына 13 мың доллардан асып жығылуына байланысты іске асты.

«Бұл мыс нарығына қатысты біздің түсінігімізге көрсетілген сенім вотумы. Бүгінде ол біз күткендей нақты іске асып отыр», – деді Бинтас Артықбаев компаниясымен жасалған мәмілені түсіндіре отырып.

МӘН-ЖАЙЫ

Бұған дейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің жаңа иесі Нұрлан Артықбаев болғаны белгілі еді. Мәміле Qazaq Acquisition Corp. компаниясы арқылы рәсімделген. Меншік иесі ауысқаннан кейін корпорация басқармасы төрағасы болып Руслан Өскенәлі тағайындалды. 

Mercuria Energy Group — штаб-пәтері Женевада орналасқан, энергетикалық ресурстар мен шикізат тауарлары саудасымен айналысатын швейцариялық жекеменшік көпұлтты компания. Ол әлемдегі ең ірі тәуелсіз трейдерлердің қатарына кіреді және 50-ден астам елде қызмет етеді. Компания шикі мұнай, мұнай өнімдері, газ (оның ішінде СТГ), электр энергиясы, көмір, биожанармай, металдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтарын қамтиды.

Back to top button