Артықбаев “Ақтөбе” футбол клубын 200 млн теңгеге сатып алғалы отыр
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, кәсіпкер анықталды, енді бір-екі айда бар жұмысты тәмамдамақ, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
КӘСІПКЕР АҚТӨБЕНІҢ ТУМАСЫ
Өңір басшысы Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болатынын растады.
«Біздің футбол клубымызға қызығушылық танытқан кәсіпкер анықталды. Бұл жұмысты бір-екі ай ішінде толық аяқтаймыз деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерде де ақпарат тарап жатыр, оны жасырмаймыз. Qazaq Stroy компаниясының басшысы қызығушылық білдірді. Өзі Ақтөбенің тумасы, бала кезінен “Ақтөбенің” футбол клубының жанкүйері болған. Айтуынша, бала күнінде ата-анасымен бірге стадионға барып жүрген. Президенттің тапсырмасын орындауға дайын екенін жеткізді», — деді Асхат Шахаров ОКҚ брифингінде.
Әкімнің айтуынша, енді клубты дамыту мәселелерімен инвестор айналысады. Бірақ әкімдік те шет қалмайды – инфрақұрылымдық қолдау көрсетпек.
ИНВЕСТОРДЫҢ ҚОЛЫНА ӨТКЕН КЛУБТАР
“Aқтөбе” – 2025 жылы жеке бизнеске өткен төртінші клуб. Бұған дейін үш командаға жеке инвесторлар тартылған:
“Қайсар” (Қызылорда) – 2025 жылдың 30 қазанында клуб TAU Group Ltd иесі Исламғали Қозбақовқа өтті. Жоспарланған инвестиция көлемі – 12 млрд теңге.
“Қызыл-Жар” (Петропавл) – инвестор: ЦАТЭК компаниясының үлескері Сергей Кан. Ол жыл сайын кемінде 1 млрд теңге құюға міндеттенді.
“Жеңіс” (Астана) – жаңа иесі: Михаил Ломтадзе. Клуб академиясын дамытуға 16 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ “Шахтёр” (Қарағанды) клубын жекешелендіру мәселесі талқылануда. Жобаға Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов қызығушылық танытты. Инвестиция көлемі 18 млрд теңге деп бағаланып отыр. Клубты беру мәселесі қоғамдық тыңдауда алдын ала қаралады.