
Арқалық қаласындағы «Жайна» дәмханасында өткен тойдан соң 86 адам сальмонеллезбен ауырып қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Наша Газета» ақпаратынша,
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде мекеменің санитарлық жағдайы талапқа сай еместігі анықталды.
Бұл жағдай бойынша нысанның өзіне эпидемиологиялық зерттеу жүргізілді. Ас пен су сынамалары зерттеліп, нәтижесінде қоздырғыш табылмады. Алайда қоршаған ортадан алынған 40 сынаманың жетеуінен ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар анықталды. Бұл дәмхананың санитарлық-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлықсыз екенін көрсетеді. Сонымен қатар нысанда жұмыс істейтін 11 қызметкердің екеуінен сальмонелла табылды. Ол бактерия ауру жұқтырған адамдардан анықталған қоздырғышпен бірдей. Демек, инфекция дәмхана қызметкерлерінен таралған болуы мүмкін. Ал аурудың таралуына дастарханға қойылңан тағамдар себеп болған, — деді департамент басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Зардап шеккендердің 16-сы тойға бармағандар. Олар ауруды үйге әкелінген сарқытты жеп жұқтырған.
Ауру белгілері болмағандықтан сальмонелла анықталған екі адам дәрігерге жүгінбеген.
Досымованың айтуынша, мұндай симптомсыз тасымалдаушылар айқын ауру белгілері бар науқастардан да қауіпті. Өйткені инфекцияның таралу көзін анықтау әлдеқайда қиын. Тексеру кезінде дәмхана қызметкерлерінің тұрақты медициналық тексерістен өтпегені, санитарлық кітапшаларының мерзімі өткен немесе мүлде жоқ екені белгілі болды.
— Тергеу қорытындысына сәйкес тиісті шаралар қабылданады немесе біз әкімшілік айыппұл саламыз. Сондай-ақ анықталған барлық бұзушылық жойылғанша дәмхана қызметіне тыйым салу туралы қаулы шығарылды, — деді Гүлім Досымова.
Жалпы үш ауруханаға 80-нен астам адам ауруханаға жатқызылған. Бір ер адамнан басқасы емделіп, үйлеріне шығарылды.