Ерекше

“Ақылға сыймайды”: Депутаттар жол ақысын 500 теңгеге қымбаттату туралы не ойлайды?

Қазақстанда қоғамдық көлікпен жүру бағасын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысқа Мәжіліс депутаттары ойларын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.

“ХАЛЫҚТЫҢ МҮМКІНДІГІН БІЛЕМІЗ”

Мәжіліс кулуарында сөйлеген депутат Елнұр Бейсенбаев бұл бастаманы шындыққа жанаспайтын, орынсыз ұсыныс деді.

«Біз мына нәрсені түсінуіміз керек: Қазақстан бюджеті қоғамдық көлік тасымалдаушыларын субсидиялайды. (…) Бұл саладағы қызметтің 50 пайыздан астамы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Себебі біз халықтың нақты мүмкіндіктерін білеміз. Яғни, азаматтарымыздың қанша табыс табатыны, қанша төлей алатынын шамалай аламыз. Сондықтан бұл сарапшының ұсынысы –ақылға сыймайды», – деді ол.

Ал депутат Ирина Смирнова 500 теңге деген бағаны шектен тыс жоғары әрі негізсіз деп есептейді.

«Бүгінгі күні бағаны реттейтін монополияға қарсы комитет бар. Шектен аспау қажет. Сондықтан жолақы 500 теңге болуы керек деп ойламаймын. (…) Бұл жай ғана ел азаматтарының бірі ретінде ұсыныс жасаған адамның пікірі. Егер 500 теңге төлегісі келсе – өз еркі, ешкім тыйым салмайды. Бюджетке қосымша қаржы аударса, ол да жақсы ғой», – деді Смирнова.

ҰСЫНЫСТЫ КІМ АЙТТЫ

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жолақы көлемін белгілеу – жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы іс екенін айтты.

«Халықтың мүмкіндігі көп, дегенмен тариф, салық, жолақы дегеннің бәрін жергілікті әкімдіктер бекітеді. Өйткені әр аймақтағы жағдай әртүрлі: бір жерде қала үлкен, көлік кептелісі көп, ал бір жерде – шаһар біршама шағын», – деді Сарым.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов автобуспен жүру ақысы 500 теңге болуы керек деген пікір білдірген болатын.

Қазіргі уақытта Астанадағы қоғамдық көлік жолақысы – 110 теңге. Ал Байділдиновтің бұл мәлімдемесі елдегі бағаның өсуі мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі аясында айтылды.

Back to top button