9 футболшы 110 млн теңгеге бəс тіккен – Бас прокуратура футболдағы былықтарды жайып салды

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұған дейін футболдағы былықты тексеруді талап етіп, Бас прокуратураға сауал жолдаған еді. Құзырлы орган расында да, футболшылардың өзі де лудоман болып шықққаны жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
РЕСМИ ЖАУАП
Бас прокуратура Қазақстанның Футбол федерациясында жəне футбол клубтарында тексеру жүргізіп, бірқатар бұзушылықтарды анықтаған. Оның ішінде келісілген матчтар мен букмекерлік кеңселердегі бəс тігу фактілері де орын алып жатқанын жеткізген
“Еңбек шарттарымен тыйым салынғанына қарамастан, футболшылар мен жаттықтырушылар букмекерлік ставкаларға қатысуы жалғасып келген. Мəселен, Ақтөбе қаласында 9 футболшы жалпы сомасы 110 млн теңгеге бəс тіккен. Осыған байланысты, 2025 жылғы 2 сəуірде Федерацияға заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізілді” – делінген жауапта.
Оның қаралу нəтижесінде федерация тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою жəне қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету
мақсатында «Жол картасы» əзірленді. Жол картасында аудит, қаржы жəне əдеп жөніндегі комитеттерді құру, сондай-ақ қаржылық тəртіпті күшейтуге бағытталған 33 іс-шараны іске асыру көзделген.
Сонымен қатар, федерацияның мəліметіне сəйкес тексеру қорытындысы бойынша бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Биыл 20 мамырдағы жағдай бойынша федерация əкімшілігінің басшысымен басқарушы директормен, заң, операциялық жəне маркетинг департаменттерінің директорларымен, қауіпсіздік жəне интегрити қызметінің басшысымен еңбек шарттары бұзылды. Сондай-ақ, Федерацияның бірқатар басшы қызметкерлері лауазымдарынан төмендетілді.
Қазір федерация заңдылықты бұзушылықтарды жою, қаржылық тəртіпті күшейту жəне футболды дамытудың жаңа мақсаттары мен міндеттеріне сай ұйымдық құрылымын оңтайландыру бойынша жұмысты жетілдіріп жатыр.