Ақтөбе облысында жол апатынан бес адам ажал құшты
Ақтөбе облысында автобустың қатысуымен жол апаты болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz ru.sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
ДЕПАРТАМЕНТ ДЕРЕГІ
Кейін белгілі болғандай, оқиға 7 желтоқсан күні күні республикалық маңызы бар «Самара–Шымкент» автожолында тіркелді. Жолаушылар автобусы аударылып қалған.
Облыстық полиция Департаменті мәліметінше, апат салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы 11 жолаушы түрлі жарақаттармен Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілген.
ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«7 желтоқсан күні шамамен сағат 08:40-та республикалық маңызы бар “Самара–Шымкент” автожолының 1024-шақырымында автобус аударылды. Алдын ала деректер бойынша, автобус жүргізушісі Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысы бағытында келе жатып, Әйтеке би ауданына қарасты Ұлғайсын ауылы маңында көлікті жолдың оң жағына қарай аударып алған», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Автобус салонында Пермь қаласынан Ташкентке бет алған Өзбекстанның 49 азаматы болған. Апаттың нақты себебі анықталып жатыр.