Нұрлан Артықбаев “Ақтөбе” футбол клубының инвесторы атанды
Бұл биыл жекеменшікке өткен Қазақстандағы төртінші клуб, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
ТАРАПТАР КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ
Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев “Ақтөбе” футбол клубына инвесторы болды. Forbes Kazakhstan-ға келіссөздер барысынан хабардар дереккөздің айтуынша, тараптар келісімге келген, енді клуб ресми түрде кәсіпкердің қарамағына өтеді.
Инвестиция көлемі де, команданың болашақ құрылымына қатысты нақты өзгерістер де әзірге жарияланбады. Құрамдағы өзгеріс және тағы басқасы дегендей.
«Бұл туралы ақпарат әзірге жоқ. Клубты дамытуды көздейтін ұйымдастырушылық мәселелер мен инвестиция көлемі 2026 жылдың қаңтарында талқыланады», – деді ол.
Бұған дейін, қараша айының басында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров клубты жеке инвесторға беру жұмысы жыл соңына дейін аяқталатынын айтқан. Ол кезде ықтимал инвестордың аты-жөні жарияланбаған еді.
ИНВЕСТОРДЫҢ ҚОЛЫНА ӨТКЕН КЛУБТАР
“Aқтөбе” – 2025 жылы жеке бизнеске өткен төртінші клуб. Бұған дейін үш командаға жеке инвесторлар тартылған:
- “Қайсар” (Қызылорда) – 2025 жылдың 30 қазанында клуб TAU Group Ltd иесі Исламғали Қозбақовқа өтті. Жоспарланған инвестиция көлемі – 12 млрд теңге.
- “Қызыл-Жар” (Петропавл) – инвестор: ЦАТЭК компаниясының үлескері Сергей Кан. Ол жыл сайын кемінде 1 млрд теңге құюға міндеттенді.
- “Жеңіс” (Астана) – жаңа иесі: Михаил Ломтадзе. Клуб академиясын дамытуға 16 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ “Шахтёр” (Қарағанды) клубын жекешелендіру мәселесі талқылануда. Жобаға Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов қызығушылық танытты. Инвестиция көлемі 18 млрд теңге деп бағаланып отыр. Клубты беру мәселесі қоғамдық тыңдауда алдын ала қаралады.
Сонымен бірге “Тараз”, “Елімай” және “Ертіс” клубтары бойынша да жеке инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр.