Ақтөбедегі неке сарайында өлтірілген әйелдің артында төрт баласы қалды
Ақтөбедегі неке сарайында кісі қолынан қаза тапқан 26 жастағы әйелдің өліміне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Марқұм төрт баланың анасы болған. Қайғылы оқиғадан кейін оның екі баласы уақытша балалар үйіне орналастырылған, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
КТК телеарнасының мәліметінше, 26 жастағы әйелдің артында төрт баласы қалған. Олардың екеуі – қазір адам өлтірді деген күдікке ілінген ер адаммен ортақ балалары. Әйелдің қазасынан кейін екі бала «Үміт» балалар үйіне жеткізілген. Ал қалған екі баланың қазіргі жағдайы мен кімнің қамқорлығында екені жөнінде әзірге ресми ақпарат жоқ. Ақтөбе облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев балалардың жағдайы тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында екенін мәлімдеді.
«Отбасы жағдайларына байланысты кәмелетке толмаған екі бала «Үміт» балалар үйіне уақытша орналастырылды. Бұл жағдай облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында», – деді Амангелді Қонақбаев.
Қайғылы оқиғаға не себеп болған
Полицияның мәліметінше, әйел өліміне қатысты күдікті – марқұмның бұрынғы азаматтық некедегі күйеуі. Екеуі шамамен үш жыл бойы бірге тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған. Алайда қылмыстың нақты себебі мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі неке сарайында әйел кісі қолынан мерт болды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтамақ.