Жұмысшылар қымбатшылық қысып жатқанда отбасы мен бала-шағаны асырау қиындап кеткенін айтуда, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
«ҚАЙДА БАРАРЫМЫЗДЫ БІЛМЕЙМІЗ»
Ақтауда шыны пластик құбыр зауытының 80-ге жуық қызметкері қысқартуға ұшырағандарына наразылық білдірді. Айтуларынша, жыл басында жаңа жұмыс табу өте қиын, деп хабарлады «31 арна».
Мәлім болғандай, жұмыстан шығарылу туралы хабарламаны 76 адам алған. Олардың арасында кәсіпорында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандар да бар. Кейбірі – отбасының жалғыз асыраушысы.
«Соңғы сегіз айдан бері іс жүзінде толыққанды жұмыс істемейміз, уақыттың жартысына жуығында бос отырмыз. Бағаның күн сайын қымбаттауы жағдайында отбасымызды, бала-шағамызды асырау өте қиын. Енді қысқартылатынымызды айтып отыр. Жұмыс болмаса, қайда барарымызды білмейміз», – дейді зауыт жұмысшысы Мәншүк Тұржанова.
ӘКІМДІК УӘДЕ БЕРДІ
Қызметкерлер сөзінше, соңғы сегіз ай бойы оларға жалақының тек жартысы ғана төленген. Тұрақты табыстан айырылу олардың әлеуметтік жағдайын одан әрі күрделендірмек. Жұмысшылар еңбек даулары компания жекеменшік басқаруға өткеннен кейін жиілей түскенін айтады.
Облыс әкімінің орынбасары жағдайды бақылауға алып, мәселені зерделеуге уәде берді. Алайда кәсіпорын басшылығы қысқарту шараларының болмай қоймайтынын мәлімдеді.
«Қазір Қазақстан нарығында бәсекелестік өте жоғары. Жақында Алматыда осындай бағыттағы жаңа зауыт іске қосылды. Онда заманауи технология қолданылғандықтан, өнімнің өзіндік құны төмен. Бізде екі цехты бірдей жүктейтіндей тапсырыс көлемі жоқ. Сондықтан штат санын қысқартуға мәжбүрміз», – деді «Шыныпластик құбырлар зауыты» ЖШС директоры Данияр Шманов.
185 адам еңбек ететін кәсіпорын қазір банкрот болудың алдында тұр. Басшылық қызметкерлерге өзге жұмыс іздеуге кеңес берген.