Ерекше

“Елде дағдарыс, ақша жоқ” – Бақытжан Базарбек банк жүйесін сынап тастады

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек екінші деңгейлі банктерді заңсыздыққа, жемқорлыққа және мемлекетті алдалауға жол беріп отырғанын мәлімдеп, қатаң сынға алды. Экс-премьер Асқар Маминді де сын садағына ілінді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ДЕПУТАТТЫ АШУЛАНДЫРҒАН “ЖАСЫЛ БИЛЕТ”

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы банк жүйесі жылдар бойы «ерекше мәртебенің» арқасында банктік құпияны желеу етіп, заң бұзуға мүмкіндік алып келген.

«Банктерді талай рет бюджет қаржысы есебінен құтқарды. Капиталды шетелге шығаруға ешкім тосқауыл болған жоқ. Әділ бәсекенің дамуына кедергі келтірілді. Банктердің мүддесі үшін олардың деректеріне қолжетімділік шектелді. Банк лоббиі билік дәліздерінде қалыпты жағдайға айналды. Оларға заң бұзып, бақылаушы органдардың қысымынан қорғануға мүмкіндік берілді. Ал банктік құпияны заңмен қорғау – кез келген тексеруден құтқаратын «жасыл билетке» айналды», – деді Бақытжан Базарбек.

БАНКТЕР ЗАҢДЫ ЕЛЕМЕЙ ОТЫР МА

Депутат банктердің заң талаптарын елемей, жер телімдерін өз меншігінде заңсыз ұстап отырғанын мысалға келтірді. Сөзінше, заң бойынша, егер банк алған жерді алты ай ішінде игермесе, ол мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бірақ бұл норма іс жүзінде орындалмай отыр.

«Мемлекет жерді қайтарып ала қоймас үшін, банктер бұл жерлерді жасырын түрде «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ына өткізіп жібереді, ал қор кейін оларды жеке тұлғаларға сауда арқылы сатады. Бұл — Жер кодексіндегі шектеулер мен тыйымдарды айналып өтуге арналған айлакер әдіс. Мысалы, Халық банктің кепілінде 2 153 жер телімі бар, жалпы ауданы – 2 млн 589 мың 887 гектар, құны – 166 млрд 884 млн теңге. Ал Проблемалық несиелер қорында 1 298 жер телімі, ауданы – 1 млн 159 мың гектар, құны – 53 млрд 126 млн теңге. Болмаса, 2020 жылы Асқар Мамин қол қойған хаттаманы қараңыз: **Алматыдағы мектеп, аурухана, балабақша салуға арналған 383 гектар жер Проблемалық несиелер қорында «тұрып» қалған, бірақ кейін құрылыс компанияларына сатылып кеткен», – деді Базарбек.

“АҚШАНЫ ҚАЙТАРСЫН”

Сонымен қатар, Базарбек банктер әлі күнге дейін мемлекетке кризистен кейін оларды құтқаруға бөлінген миллиардтаған теңгені қайтармағанын еске салды. Депутаттың айтуынша, он жыл бұрын банктерге берілген қаражатты олар бөліп-бөліп қайтаруда. Мәселен, Нұрбанкқа 46 млрд теңгені 2030 жылға дейін қайтаруға мүмкіндік берілген. Евразиялық банктен 150 млрд теңге 2032 жылға дейін қайтару талап етілуде.

«Алатау Сити Банкке тіптен керемет, 950 млрд теңгені үш кезеңде өтеуге рұқсат берілген. Бірінші кезең — 2034 жыл, екінші кезең — 2034–2035 жылдар, үшінші кезең — 2040–2045 жылдар. РБК-ға 176 млрд теңгені 2032 жылға дейін қайтаруға рұқсат берілген. Тіпті қарызды қайтаруда басымдық берілсе, бұл банкті лоббилаудың айқын белгісі. Олар біздің қарызды тиын-тебенмен жаба ма?» — деп өкінішін білдірді депутат.

Базарбек мұндай жұмсақ саясат пен артық жеңілдіктер банк жүйесінің жауапсыздығын күшейтіп отырғанын айтты.

«Қарапайым адамға мұндай шарт ешқашан жасалмайды. Ал банктерге бәрі мүмкін. Елде дағдарыс, ақша жоқ. Онда неге банктерді “еркелетіп” отырмыз? Ақшаны дәл қазір қайтарсын !» — деп түйіндеді ол.

Back to top button