АҚШ-тың Украинаға арналған бейбіт жоспары Мәскеу мен Киев ұстанымдарын ескереді – Рубио
АҚШ қазір екі тараптың да позициясын назарға алып, Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz ura.news-ке сілтеме жасап.
ХАТШЫ МӘЛІМДЕМЕСІ
Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.
«…біз осы соғысты тоқтатуға бағытталған ықтимал идеялар тізімін дайындауды жалғастырып жатырмыз. Бұл тізім қақтығыс болып жатқан қос тараптан түскен ұсыныстар негізінде жасалуда», — деп жазды Рубио Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Оның айтуынша, Украинадағы қақтығысты аяқтау үшін шынайы әрі салмақты ұсыныстар қажет. Тұрақты бейбітшілік орнату үшін екі жақ та күрделі, бірақ маңызды ымыраларға баруы тиіс.
МИНИСТР ТАЛАБЫ
Осы аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қатысты 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды мақұлдады. Құжатты әзірлеуге АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ Ресей мен Украина өкілдері қатысқан. NBC News мәліметінше, қақтығысты аяқтауға бағытталған шекті келісім Ақ үй тарапынан осы аптада жариялануы мүмкін.
Politico дерегінше, АҚШ жоспары Украина Қарулы күштерінің санын екі есе қысқартуды (880 мыңнан 440 мыңға дейін), Киевтің бірқатар қару түрінен және Донбастан бас тартуын көздейді. «Взгляд» басылымының хабарлауынша, кеше АҚШ-тың құрлық әскерлері министрі Дэниел Дрисколл бастаған делегация Киевке келіп, ұсынылған талаптарды қабылдауды қатаң түрде талап еткен.