Ерекше

“Адал жұмыс істеу үшін барған еді”: АҚШ-та есірткі тасымалдады деген күдікпен екі қазақстандық ұсталды

Қазақстан азаматтары болуы мүмкін деген екі адам АҚШ-та ірі көлемде кокаин тасымалдау ісі бойынша ұсталды. Ал күдіктілердің бірінің ағасы олардың жазықсыз екенін айтуда, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

ШТАТ ШЕРИФІНІҢ МӘЛІМЕТІ

Техас штатының Чемберс округі шерифінің кеңсесі таратқан мәліметінше, биыл 27 қыркүйекте арнайы тергеу бөлімшесі мен есірткімен күрес басқармасы I-10 тас жолында жүріп бара жатқан автовозды тексеру үшін тоқтатқан.

Сигма лақап аты бар қызметтік ит қимылынан соң, көліктен ішіне жақсылап жасырылған 35 келі кокаин табылды, – делінген шериф кеңсесінің Facebook-тегі хабарламасында.

Ведомство ақпаратынша, Нью-Йоркте тұратын көлік жүргізушісі Нұрсұлтан Мұқтарәли мен жолаушы, Пенсильвания тұрғыны Мұхит Дәнибеков аса ірі көлемде есірткі сақтау ісі бойынша қамауға алынды. Бұл бірінші дәрежелі ауыр қылмысқа жататын көрінеді. Мәліметтерде қазір оларды Чемберс округінің түрмесіне қамады деп жазылды.

АҒАСЫ ІНІСІНІҢ КІНӘСІЗДІГІНЕ СЕНІМДІ

Мұхит Дәнибековтың ағасы Жомарт Дәнибеков әлеуметтік желіде үндеу жариялап, інісі мен оның серігі Нұрсұлтанның кінәсі жоқ екеніне сенім білдірді. Оның айтуынша, екеуі де Америкада көлік тасымалдау саласында еңбек етіп жүрген жүк көлігінің жүргізушілері. Олар қандай да бір есірткі затын тасып келе жатқандарын білмеген.

Олар жоспарлы тексеріс кезінде ұсталды. Қазір олардың отбасылары кепілпұл мен адвокат жалдауға қаражат жинауға кіріскен. Әрқайсысы үшін кепіл сомасы 200 мың доллар (шамамен 107,8 миллион теңге) болып белгіленді. Інім Америкаға адал еңбек ету үшін барған еді, – дейді Жомарт.

Ағасы Мұхит Данибековтің қазір жазықсыз жапа шегіп отырғанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады.

Інімнің үш кішкентай қызы бар. Жұбайы ауыр сырқатпен күресіп жатыр. Біз барша жанашыр жаннан қолдау көрсетуді сұраймыз, – деп жазды Жомарт Дәнибеков.

Back to top button