Ерекше

АҚШ Сенаты Ресейге жаңа санкциялар салмақ

АҚШ Сенатында Ресеймен бизнес жүргізетін мемлекеттер мен компанияларға санкция салуды көздейтін заң жобасы қайтадан күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

БАСТАМА ИЕСІ НЕ ДЕЙДІ

Bloomberg агенттігі ақпаратынша, ұзақ уақыт жатқан құжат енді дауыс беруге шығарылуы мүмкін. Мәселенің қайта жандануы АҚШ басшылығының Мәскеуге қатысты қатаң саясатты қолдауға дайын екендігін білдіретін мәлімдемелерінен кейін айқын байқалды.

«Президент Дональд Трамп бұл заң жобасына қарсы еместігін айтып, өз ұстанымын көрсетті. Бұл — құжатты бұрыннан қолдап отырған Сенат үшін маңызды сигналдардың бірі болды», делінген агенттік ақпаратында.

Бастама танытқандардың бірі, сенатор Линдси Грэмнің сөзінше, ұсынылып отырған шаралар президентке Владимир Путин мен оның одақтастарына қысымды күшейтуге арналған қосымша тетік береді. Атап айтқанда, Ресеймен ынтымақтастықты үзбей отырған елдерге, компанияларға және қаржы құрылымдарына қарсы екінші деңгейлі санкциялар мен кедендік баждарды енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАНСА, КІМДЕРГЕ КЕДЕРГІ

Заң жобасын сенаторлардың басым бөлігі қолдағанымен, оны Сенаттың толық құрамында қарау процедуралық рәсімдерге немесе ішкі саяси келіспеушіліктерге байланысты кейінге қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда талқылау бірнеше аптаға, тіпті айларға созылып кететін кездер болады. Алайда қазір саясаттанушылардың бағалауынша, бастама біртіндеп қолдау тапқан.

Құжаттың қабылдануы Ресеймен экономикалық байланыс орнатқан елдер үшін жаңа кедергі қалыптастыруы ықтимал. 

Сонымен қатар дипломатиялық орталар жағдайды жіті бақылап отыр. Себебі заңның қабылдануы Азиядағы, Таяу Шығыстағы және Шығыс Еуропадағы АҚШ серіктес елдері үшін «ойын ережелерін» өзгертіп жіберуі мүмкін. Алдағы апталар құжат “тағдырын” да, Вашингтонның Ресеймен байланысын жалғастырып отырған елдерге қатысты ұстанымын да айқындауда шешуші кезең болмақ.

Back to top button