TOP-1Экономика

АҚШ рұқсат берді: Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауды жалғастырады

АҚШ әкімшілігі Қазақстанға Ресей мұнайын Қытайға құбыр арқылы транзиттеуді келесі жылдың наурызына дейін жалғастыруға рұқсат берді. Бұл жөнінде Bloomberg америкалық ақпараты агенттігі әуелі Қазақстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлаған. Отандық БАҚ-қа министрлік бұл мәліметті растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“АҚШ қаржы министрлігімен жүргізілген консультациялардан кейін бұл ерекшелік мерзімі 2027 жылдың 19 наурызына дейін ұзартылғанын министрліктің баспасөз хатшысы Әсел Серікпаева сәрсенбі күні электронды хат арқылы хабарлады”, – деп жазады Bloomberg.

Ал Interfax агенттігінің мәліметінше, бұған дейін АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) берген лицензия осы жылдың сәуіріне дейін жарамды болған. Ерекшелік мерзімінің ұзартылғанын алғаш болып осы агенттік хабарлаған еді.

“Бұл рұқсат Қазақстанға Ресей мұнайының мыңдаған баррелін Қытайға транзиттей беруге мүмкіндік ашады. Аталмыш шешім Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан мұнай нарығы тұрақсыз күйге түскен кезеңге тұспа-тұс келді, – делінген Bloomberg ақпаратында.

Иран билігінің Ормуз бұғазын жабуы Азиядағы мұнай тұтынушы экономикаларын да тығырыққа тіреп отыр. Басылым АҚШ-тың бұл қадамы Қытаймен бірге Ресейге түсетін қысымды да жеңілдететінін айтады. Лицензия мерзімі ұзартылмаған жағдайда Мәскеу Қытайға келісілген көлемдегі мұнайды жеткізудің балама жолдарын іздеуге мәжбүр болар еді. Өйткені Украина дрондары Балтық теңізіндегі мұнай экспорттайтын терминалдарға мазар бермей тұр.

Ресеймен арадағы келісім бойынша Қазақстан Қытайға жыл сайын транзит арқылы 10 млн тонна мұнай жеткізеді. Бұл – шамамен тәулігіне 200 мың баррель.

Back to top button