ГеосаясатЕрекше

АҚШ пен Украина “бейбіт жоспар” бойынша жаңа құжат әзірледі

Женевадағы келіссөздер қорытындысында Киев пен Вашингтон Украинада бейбітшілік орнатуға бағытталған жаңартылған әрі толықтырылған рамалық құжатты дайындап шықты. Бұл туралы тараптардың бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Алайда құжаттың өзі әзірге жарияланған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz. dw.com-ға сілтеме жасап.

Украина мен АҚШ ресми өкілдері 24 қарашаға қараған түні Женевада өткен «өнімді келіссөздерден» кейін екі ел делегациялары бірлесіп, бейбіт келісімге қол жеткізуге арналған жаңартылған құжат әзірлегенін хабарлады.

Бірлескен мәлімдеме Ақ үй мен Украина президенті сайтына жарияланды. Онда келіссөздер нәтижелі болғаны атап өтілген.

«Тараптар кез келген болашақ келісім Украина егемендігін толық құрметтеуге және тұрақты әрі әділ бейбітшілікті қамтамасыз етуге тиіс екенін растады», – делінген мәтінде.

Құжаттың мазмұны әзірге ашылған жоқ. Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, тараптар алдағы күндері құжатты жетілдіру бойынша белсенділік танытып, еуропалық әріптестермен тығыз ықпалдасуға уағдаласты.

РУБИОНЫҢ “БЕЙБІТ ЖОСПАР” ТУРАЛЫ ПІКІРІ

Бұған бірнеше сағат қалғанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамп әкімшілігі дайындаған «бейбіт жоспардың» жаңартылған нұсқасы жүзеге асу әлеуеті жоғары екенін айтты. 23 қарашада Женевада Украина делегациясы және оның еуропалық одақтастарымен өткен консультациялардан кейін ол журналистерге келіссөздер «маңызды құжаттың» қалыптасуына алып келгенін жеткізді. Украина делегациясын басқарып барған президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та Швейцариядағы келіссөздер америкалық тараппен нәтижелі өткенін атап өтті.

«Біз өте қысқа мерзім ішінде қойылған мақсатқа жететінімізге сенеміз. Жақын уақытта нәтижесі көріне жатар», – деді Рубио. Оның айтуынша, Женевадағы келіссөздерге қатысушылардың әлі шешетін бірқатар мәселесі бар, сондықтан АҚШ-тың «бейбіт жоспарына» қосымша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, қақтығысты реттеудегі ЕО мен НАТО рөлін талқылау қажет.

Кейін құжат АҚШ және Украина президенттері деңгейінде келісуге ұсынылады. Осыған байланысты Рубио Дональд Трамп пен Владимир Зеленский тағы бір рет ой алмасуы ықтимал екенін айтты. Сонымен қатар келісімдерге қатысты өз ұстанымын Ресей де білдіретінін ескертті.

«Әрине, бұл мәселеде Ресейдің де өз сөзі бар», – деді ол.

Бірлескен мәлімдеме мәтіні келісілген соң Рубио дереу Вашингтонға аттанды. DW тілшісінің Вашингтондағы дереккөзіне сүйенген ақпарына қарағанда, егер Женевадағы келіссөздерде ілгерілеу байқалса, Зеленскийдің Ақ үйге сапары келер аптаға жоспарлануы мүмкін.

БАҚ ҚАЛАЙ БАҒАМДАЙДЫ

Еуропалық ұсыныстар АҚШ-тың Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жөніндегі жоспарына бірқатар маңызды өзгеріс енгізуді көздейді және олардың басым бөлігі Киевтің пайдасына шешілген. Бұл туралы dpa агенттігі хабарлады. Соның және Reuters таратқан ақпаратқа сәйкес, Еуропаның жаңартылған «бейбіт жоспарында» Украина қазіргі бақылауындағы аумақтарды Ресейге беруге міндетті емес. Сондай-ақ соғыс кезінде Ресей басып алған жерлерді мойындау қарастырылмаған.

20 қарашада АҚШ Украинаға арналған 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспарын ұсынған болатын. Құжатқа сәйкес, Украина Донбастан әскерін толық шығарып, армиясын айтарлықтай қысқартуы қажет. Алыс қашықтыққа ұшатын қарудан және НАТО-ға кіруден бас тартуы тиіс еді. 

Зеленский сайтында жарияланған мәлімдемеде «украиналық делегация АҚШ-қа және, әсіресе, президент Дональд Дж. Трампқа алғыс білдіргені» көрсетілген.

Back to top button