ЕрекшеПікір

Биліктегі ауыс-түйіс: Ақорда кадрлық өзгерістерді қалай түсіндіреді

Президентінің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ақордадағы кадрлық өзгерістердің мән-жайын түсіндірді. Оның жазуынша, кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты өзіне БАҚ өкілдерінен көп сауал келген, деп хабарлайды Тіzgin.kz.

ЖЕЛДІБАЙ НЕ ДЕЙДІ

Президенттің баспасөз хатшысы ең алдымен, бір мәселені баса айту керек деп, оны – әдеттегі кадрлық ротация деп атады.

“Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі. Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады”, – дейді ол.

Мемлекет басшысының жарлығымен Жаслан Мәдиев премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берген. Сонымен қатар премьер-министрдің келісімі бойынша мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданған. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі.

ӨТКЕН АПТАДАҒЫ КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

Ақорда өткен аптада билікте бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болғаны жөнінде ақпарат таратқан еді. Мемлекет басшысының жарлығымен Ержан Қазыхан Қазақстан президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылып, Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалған. Ол қызметті бұрын Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев атқарған.

Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылған. Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалған.

Back to top button