Алматы қалалық сотының сот алқасы Мирболат Мырзатайұлына шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп жазады Азаттық.
Прокурор өз сөзінде блогер тілге қатысты “арандату сипатындағы сұрақтар қойып”, “тіл білмегені үшін” мекеме жетекшісін қызметтен босатуды талап етті деді. Ал қорғау жағы бірінші инстанцияда шыққан сот үкімінің күшін жойып, блогерді ақтауды сұрады.
Сот отырысы тез аяқталып, сот алқасы бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады. Мирболат Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинова сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.
“Төрт жылға соттайтындай ешкім ешкімнің басын жарып, қырылған жоқ қой. Өткенде Қостанайда 174-баптың бірінші бөлігімен 2 жыл берді. Ол әйелдің айтпаған сөзі жоқ…” деді Гүлшат Бишуинова.
Сотқа Мирболат Мырзатайұлының өзі қатыстырылған жоқ.
Бұған дейін қорғау жағы апелляциялық қаулы шықпай жатып, Мырзатайұлы Тараздағы абақтыға ауыстырылғанын хабарлаған еді. Ресми органдар бұл ақпаратқа реакция білдірмеген.
Сейсенбі күні Мирболатты қолдауға сотқа тіл жанашырлары, азаматтық белсенділер келді. Олар сот үзілісі кезінде сот ғимараты алдында “Мирболатқа бостандық!” деп айқайлады.
Былтыр қарашада бірінші инстанциядағы сот Мирболат Мырзатайұлын “Алауыздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған.
Айыптау актісінде блогердің 2025 жылғы сәуірде Алматыдағы мекеменің кеңсесіне барып, “мекеме басшысымен жанжал барысында” “ұлт араздығын қасақана қоздыруға кіріскені” жазылған. Актіге сүйенсек, блогер мен мекеме басшысы арасында келіспеушілік тілге қатысты туындаған.
Сарапшының пайымдауынша, блогер қазақ тілін білмейтін басшыларды жұмыстан шығаруға бойкот жасауға үндеген. Бұны алауыздық қоздыру әрекеті деп тапқан. Блогердің істі болуына Instagram парақшасында шыққан видеосы ілік болған. Видеода блогер тұрғын үй кооперативінің басшысы Олеся Хасановамен сөзге келген. Онда блогер «мемлекеттік тілді білмейсіз» деп сөгіп, осындай азаматтарға бойкот жариялау керек деген.
Ал блогер өзіне тағылған айыптарға келіспеді. Ол мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етуім қылмыс емес деген. Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер Мирболат Мырзатайұлын босатуға шақырған. Туыстары мен жақтастары ол блогерлік қызметіне, азаматтық белсенділігіне байланысты қамалды деп санайды.