Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова тиктокер Анара Батырханның марапатталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұған дейін қоғамда мемлекеттік марапаттардың өңірлерде табысталуына қатысты сын айтылған еді. Осыған байланысты Tizgin.kz тілшісі депутат Екатерина Смолякованың пікірін сұрады.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік марапаттарды тағайындаудың заңмен белгіленген талаптары бар. Үміткерлер арнайы комиссияның қарауынан өтеді.
«Жуырда ғана қосымша тағы екі награда ұсынылды. Заң жобасына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Шәмші Қалдаяқовтың медалі, Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі атағы енгізілді. Осындай мемлекеттік марапаттарды тағайындаған кезде арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді. Бұл комиссия жұмысының заңға сай талаптары бар. Іріктеудің критерийлері бар. Сондықтан мұның барлығы оңды-солды берілмейді. Комиссия жұмыс істейді, конкурс жүреді. Барлық марапат иегерлері соған лайықты деп есептеймін», – деді Екатерина Смолякова.
Депутаттан тиктокер Анара Батырханның мемлекеттік марапатқа қаншалықты лайықты екені де сұралды. Смолякова марапаттың берілуі тиісті комиссияның мақұлдауынан өткенін айтты.
«Енді ол кісі сондай медаль алып жатқандықтан, конкурстан өткен. Оны комиссия қарастырды, жергілікті атқарушы органдар оның белгілі бір жетістіктері үшін ұсынды ғой. Комиссия оны мақұлдады. Яғни, ол соған лайық деген сөз. Мен солай ойлаймын», – деп жауап берді депутат.