Алтын дауы шыққан Маралдыда бірнеше бас мал өлді: тұрғындар мұны зауыт жұмысынан көреді

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында 19 қыркүйек күні тағы шулы оқиға болды. Алтын зауыты салынған ауылда бұл жолы жеті бас бұзау өлген. Тұрғындар мал алтын өндірісіне қолданатын цианидтен қырылды ма деп күдіктенеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
Осыдан асқан масқара бар ма?
“Маралдыда мал қырылып жатыр” деген ақпарат күні кеше әлеуметтік желілерге тарап кеткен. Ауылдың бірнеше тұрғыны жиналып, аудан әкімдігі мен ветеринарлық қызмет өкілдерімен кездескен.
«Әне фабриканы көріп тұрсыңдар. Міне, мал өліп жатыр. Бұзаулардың іші кеуіп кеткен. Малды қолыммен түртіп көрейін десем қорқамын. Кейбірі өлім аузында жатыр. Бұзауын іздеген сиырлар өкіріп жүр. Мал екеш мал да баласын жоқтайды. Осыдан артық масқара бар ма?» – дейді Маралды тұрғыны Жанат Кәрібаева.
Видеолардан өліп жатқан бұзауды көруге болады. Ал кейбір адамдар малын іздеп жүр. Олардың бірі бір бұзауы өліп жатқанын айтады.
«Анау сай-саланы улады. Сол сай-салада мал шашылып жатыр. Өлген малдың жанына ат та барғысы келмейді», – дейді ол.
Маралды тұрғындары бүгін “мал бүгін осылай шашылып жатса, ертең біз не боламыз?” деп уайымдайды.
“Ауылдың адамдары малмен ғана күн көріп отыр. Енді сол мал қырылып жатыр. Сонда бізге енді өл дей ме?” – дейді Маралдының тағы бір тұрғыны.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ
Tizgin.kz тілшісі Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлібековпен сөйлескен. Ол мал өлімін зауыт жұмысымен байланыстырмайды.
«Аудандық СЭС мамандары ветеринарлық қызметпен бірге бірден комиссия құрылды. Сол орынға барып, құлаған малдарды алып, Маралдыдағы мал қорымының басына әкеп, сол малдың иелерімен бірге сынама алынды. Жеті күннің ішінде сынама қорытындысы шығады. Бірақ бұзаулардың жанында басқа да ірі-қаралар жүрген. Олардың құлаған фактілері жоқ. Тек бұзаулар құлаған. Яғни, бір ауру немесе басқа да себептер болуы мүмкін», – дейді Әлібеков.
Әкім малдың құлағанын зауыт жұмысымен байланыстырғысы келмейді. «Егер Маралдыда сондай апат жағдайы болса, құстар да, ірі-қаралар да әсер етер ме еді» дейді. Ауру ма, басқа ма – дәл қазір кесіп айту қиын екенін жеткізеді.
Мал иелеріне өтемақы беріле ме?
Бұл сұраққа берген жауабында әкім заңға сәйкес, мал ауруының тізіміне қарай бұл мәселе қаралатынын айтады.
«Аса қауіпті жағдаймен құласа, онда мал басы бағаланып, мал иелеріне қаражаты қайтарылады. Малдың иесі уақтылы дәрісін еккен болса, онда әрине, мал иелеріне қайтарылады», – дейді ол.
МАРАЛДЫДАҒЫ АЛТЫН ДАУЫ
Күршім ауданы Маралды ауылында жергілікті халық пен алтын өндіруді көздейтін компания арасындағы дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті халық мәселені шешу үшін ауылға облыс әкімін де, жауапты министрлерді де шақырған. Алайда ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар бірнеше рет Президентке үндеу жолдаған.
Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.
Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні бұған дейін хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған еді.
Маралды ауылының тумалары Астанада жиналып, жақында билікке тағы үндеу жолдаған. Олардың айтуынша, Маралды ауылында алтын игеріп жатқан компания жарылыс жасап, оның шаңы бүкіл ауылды алып кеткен. Ауылды шаң басқан сәттің видеолары сол кездеәлеуметтік желілерге тараған еді.