Басқа жерде тегін тұрған курсты 6 мың адамға 30 мың теңгеден сатқан блогердің соты қалай өтті

Іс материалдарына сәйкес, блогер Ерболат Жанабылов әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақшаны, 11 автокөлікті және өзге де бағалы сыйлықтарды ойнатқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЛОТЕРЕЯ ҚАЙДА ӨТКІЗІЛДІ
Бүгін Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында лотерея операторы емес тұлға арқылы лотерейлік қызметпен айналысу фактісі бойынша Ерболат Жанабыловқа («Элёр» жеке кәсіпкерлігі) қатысты іс (ӘҚБтК 445-1 бабының 6-бөлігі) қаралды.
2025 жылы 21 тамызда туризм және спорт министрлігінің құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитетіне С.-ның өтініші мен Қаржылық мониторинг агенттігінің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша хаттамасы келіп түскен. Аталған лотерея Instagram әлеуметтік желісіндегі «zhanabylov_e» аккаунты арқылы өткізілген.
Іс материалдарына сәйкес, Жанабылов аталған парақшада жүйелі түрде ақшалай қаражатты, 11 автокөлікті және өзге де бағалы сыйлықтарды ойнатқан. Ойынға қатысу шарттарының бірі – Жанабыловтың жұбайы басқаратын «Zhana Business» ЖШС-нің «оқыту курстарына» 30 000 теңге төлеу болған. Жеңімпаздар «сәттілік барабаны» құрылғысы арқылы кездейсоқ таңдау әдісімен анықталған, бұл өз кезегінде лотерея қызметінің белгілерін көрсетеді.
КОМИТЕТ СҰРАҒАН ЖАЗА
Істі қарау барысында Комитет Жанабыловты оқыту курстарын сату түріндегі лотереяны заңсыз ұйымдастырып, өткізгені үшін ҚР лотерея туралы заңнамасын бұзды деп тануды және оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрап, сотқа өтініш білдірді.
Жанабыловтың өкілі жеке қаулы шығаруды және әкімшілік істі тоқтатуды сұрады. Келесі сот отырысы 2025 жылғы 15 қыркүйекке тағайындалды.