Байсат базарынан «Apple» брендімен сатылған жалған өнімдер тәркіленді
Алматыда «Apple» тауар белгісінің атын жамылған контрафакт өнімдері тәркіленді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
Әділет министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 16-19 қыркүйек аралығында Алматы қаласында Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерімен контрафакті өнімдерін анықтау бойынша іс-шаралар өткен.
“Байсат көтерме-бөлшек сауда базарының аумағында «Apple» тауар белгісімен ірі контрафактілік өнім партиясын сату дерегі анықталды. Жеке кәсіпкер өңірлерге ұялы телефондардың (қуаттағыш құрылғылар, кабельдер, құлаққаптар, адаптерлер және т.б.) контрафактілік аксессуарларын көтерме бағамен сатқаны анықталды. Осы факті бойынша «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстінің» 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Шамамен 2 млн. теңге сомасына 1,5 мың дана өнім тәркіленді”, – делінген хабарламада.

Осыған ұқсас факт Байсат көтерме-бөлшек сауда базарының жанында орналасқан қойма үй-жайында анықталған. Онда WD-40 (әмбебап мақсаттағы техникалық аэрозоль) тауар белгісімен контрафактілік шығу белгілері бар өнімдері бар көтерме қойма табылды. Жеке кәсіпкерге қатысты ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, шамамен 3 млн теңге сомасына 2 мыңнан астам жалған өнім тәркіленген.
Барлық материал сотқа жіберілген.