Алматыда бір әулеттің төрт адамы көз жұмды
Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылында бір отбасының төрт мүшесі ажал құшты. Үй ішінен 1955 және 1974 жылы туған екі ер адамның, 1984 жылы туған әйелдің және бір жарым жастағы қыз баланың мәйіті табылған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
КУӘГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ
Бұған дейін оқиға жайлы qonaevtv.kz сайты хабарлады. Куәгерлердің айтуынша, отбасы қыстауда тұрған. Туыстары екі күн бойы олармен сөйлесе алмаған соң, үйге арнайы барып тексерген. Сол кезде барлығының тыныс алмай жатқандары белгілі болған. Қайғылы жағдай туралы бірден аудандық полиция бөліміне хабар берілді. Көз жұмғандардың денесі өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
ӨРТ СЕБЕБІ
Марқұмдардың туысы Ерқанат Ақылдосовтың айтуынша, отбасы мүшелерімен соңғы рет 2026 жылдың 30 қаңтарында хат-хабар алмасқан.
«31 қаңтарда олардың бірінің туған күні еді. Кешке пеш жаққанда көмір сәл дымқыл болып, пеш дұрыс жанбаған. Соның салдарынан түтін шыққан болуы мүмкін. Мәйіттерді тапқан туыстар үйдің ішінде түтін иісі сезілгенін айтты», – деді ол.
Өлімнің нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.