Ерекше

Алматыда “Bek Air” ұшақ апатына байланысты сот үкімі шықты

Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында 2019 жылғы желтоқсанда болған “Bek Air” әуе компаниясының ұшағы апаты бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

КОМАНДИРЛЕРГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Апатқа қатысты іс бойынша айыпталушы ретінде әуе кемесінің командирлері — Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұлов қаралды. Екеуі де апатта қаза болған. Оларға әуе көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан бір немесе бірнеше адамның өліміне әкеп соққан (Қазақстан Республикасы ҚК 344-бабының 3-бөлімі) айып тағылды.

Сот екі командирді де кінәлі деп танып, бақилық болулары себепті жаза тағайындамады.

ПРОКУРОР ҚАНДАЙ ЖАЗА СҰРАДЫ

Еске салсақ, прокурор да пилоттарды өлімдері салдарынан жаза тағайындамау арқылы кінәлі деп тануды сұраған болатын. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы зардап шеккендердің азаматтық талаптарын қанағаттандыруды және АҚ «Bek Air» компаниясынан моральдық және материалдық шығындарды өтеуді талап еткен. Оның жалпы сомасы 4,8 млрд теңге және 7 мың АҚШ долларын құрады.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсті орындаған «Bek Air» әуе кемесі ұшуға көтерілгенде биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты ғимаратқа соғылды. Апат салдарынан 12 адам ажал құшып, 69 адам зардап шекті.

2021 жылы Алматы облысы, Талғар аудандық соты әуе апатына әкеп соққан жерді заңсыз сатқаны үшін бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен риэлторға үкім шығарған болатын. Сарапшылар сотта қаза болған адамдардың өмірін сақтап қалуға болатынын, егер заңсыз салынған тұрғын үй жолында тұрмаған болса деген пікір айтқан.

Сот процесінде адвокаттар пилоттарды ақтау және Алматы халықаралық әуежайы мен Көлікті дамыту министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғауды талап еткен.

 

Back to top button