Алматыда азаптау ісі бойынша сотталған полицейге жаза күшейтілді

Алматыда апелляциялық сот полицей Қасымжомарт Мусырманқұловқа қатысты үкімді қайта қарап, оның жаза мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Informburo.
Сот материалдарына қарағанда, 1 қаңтар күні көршілерімен жанжалдан кейін ұсталған Александр Зуев Алмалы аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Сол жерде Мусырманқұлов оның қолына кісен салып, жазбаша түсініктеме алуға мәжбүрлеу үшін күш қолданған. Медициналық сараптама Зуевтің оң тізе тұсындағы жұмсақ тіндердің көгергенін анықтаған.
Бұған дейін аудандық сот Мусырманқұловты азаптау дерегі бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен еді. Алайда апелляциялық инстанция бұл мерзімді үш жылға дейін ұзартты және жазаны орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтеуді міндеттеді.
Үкім заңды күшіне енді.