Алматы мен Астанадан Ташкентке енді аптасына 60 рейс қатынайды
Қазақстан мен Өзбекстан әуе қатынасын кеңейтіп, тұрақты рейстер санын арттыруға келісті. Атап айтқанда, «Алматы – Ташкент» және «Астана – Ташкент» бағыттарының әрқайсысы бойынша аптасына 60 рейске дейін орындауға рұқсат беріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ташкентке қатынайтын рейстер көбейеді
Ташкент қаласында «Қытай – Орталық Азия» (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының конференциясы аясында Қазақстан мен Өзбекстанның авиациялық билік өкілдері келіссөздер жүргізді.
Қазақстан делегациясын Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарды. Ал Өзбекстан тарапынан келіссөздерге Көлік министрлігі Әуе көлігі басқармасының басшысы Джамолиддин Назаров қатысты.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту, тұрақты рейстердің жиілігін арттыру және ірі қалалар арасындағы әуе тасымалы қолжетімділігін жақсарту мәселелерін талқылады, – делінген Азаматтық авиация комитеті мәліметінде.
Нәтижесінде «Алматы – Ташкент» және «Астана – Ташкент» бағыттарының әрқайсысы бойынша аптасына рұқсат етілген рейстер санын 60-қа дейін арттыру туралы келісімге келді.
Басқа бағыттағы рейстер саны да артады
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы басқа да бағыттар бойынша әуе рейстері саны көбейеді. Тараптар аптасына рұқсат етілген рейстер санын 14-тен 20-ға дейін ұлғайтуға келісті.
Мұндай уағдаластықтар жолаушылар сұранысы жоғары бағыттар бойынша әуе тасымалының ұсынысын арттыруға мүмкіндік береді. Екі ел арасындағы жолаушылар ағынының өсуі, іскерлік және туристік байланыстардың жандануы әуе қатынасына деген сұранысты арттырып отырған көрінеді.