ЕрекшеЖаңалықтар

Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынбайтын болды

Белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Алматы қаласындағы ипподром сүріліп, орнына тұрғын үй салынатынын кеше мәлімдеген еді. Осы әңгімеден кейін әкімдік ресми мәлімдеме жасап, тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Алматыда 1930 жылы салынған тарихи ипподром біреулердің көз құртына айналыпты. 40 гектардан астам жер қып-қызыл ақша ғой. Соған тарсылдатып тұрғын үй салмақшы. Сонда тарихи нысанның құны көк тиын ба?“ – деді Нұрсейіт Жылқышыбай.

Алайда ҚазАқпарат дерегінше, «Тенгри Инвест» ЖШС бұл қауесетті жоққа шығарған. Компания директоры Ержан Майлыбаевтың айтуынша, ипподром аумағында ешқандай құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ және тұрғын үй немесе коммерциялық нысандар салу жоспары да жоқ.

“Ипподром бұрынғыдай жұмыс істеп тұр, мұнда ат спорты жарыстары өткізіліп, ұлттық спорт түрлерін дамыту ісі жалғасып келеді, – деді ол. 

Алматы әкімдігі де бұл ақпараттың негізсіз екенін растады.

“Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, аталған аумақ ипподром ретінде бекітілген, ал оны бұзу жөнінде ешқандай рұқсат берілген жоқ. Алматы ипподромы тарихы терең әрі мәдени маңызы зор нысан болып қала береді. Мұнда дәстүрлі түрде еліміздегі ат спорты мен ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған ірі спорттық және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп жүр, – деп хабарлады әкімдік. 

Алматы ипподромы – 1930 жылы салынған, Қазақстандағы ең көне және ең ірі ат спорты нысаны. 2021 жылы ол «сәулет және мәдениет ескерткіші» ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Back to top button