Әлемнің қай елінде үйлі болу оңай: Қазақстандағы жағдай қандай
Қазақстандағы табысы орташа отбасы баспана сатып алу үшін 10,9 жылдық жиынтық табысына тең қаражат жұмсауы керек. Осы жайында жазған Visual Capitalist сарапшылары 181 мемлекетті қамтыған зерттеуде әлемдегі баспана қолжетімділігін салыстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Баспаналы болудың бағасы
Әлемнің көптеген елінде баспана бағасының халық табысынан жылдам өсуі өзекті мәселеге айналды. Бұл азаматтардың тұрмыс деңгейіне ғана емес, елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да әсер етеді.
Visual Capitalist сарапшылары осы мәселені бағалау үшін баспананың медианалық құнын отбасының медианалық жылдық табысымен салыстырған.
Қарапайым тілмен айтқанда, индекс орташа отбасының баспана құнына тең қаражат табуы үшін қанша жылдық жиынтық кіріс қажет екенін көрсетеді.
Алайда мұнда бір маңызды жайт бар. Есепке ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі, тұтынушылық несиелер бойынша төлемдер, мүлік салығы, инфляция және отбасының күнделікті шығындары кірмейді. Сондықтан көрсеткішті «үй алу үшін осынша жыл ақша жинау керек» деп тікелей түсінуге болмайды.
Қай елдерде үйлі болу оңай
Зерттеу бойынша баспана бағасы мен отбасы табысының ең тиімді арақатынасы Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген. Бұл елдердегі баспана құны отбасының үш жылдық табысына тең.
Оңтүстік Африка Республикасында бұл көрсеткіш – 3,4 жыл, Солтүстік Кореяда – 3,5 жыл.
Одан кейін Оман – 3,6 жыл, Науру – 4 жыл, АҚШ – 4,5 жыл және Тувалу – 5 жыл көрсеткішімен орналасқан. Намибия, Шығыс Тимор және Сен-Пьер мен Микелонда баспана құны отбасының 5,2 жылдық табысына тең.
Яғни рейтингтің басындағы мемлекеттер мен Қазақстан арасындағы айырмашылық едәуір: еліміздегі көрсеткіш Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге қарағанда үш еседен астам жоғары.
Қазақстандағы жағдай
Visual Capitalist есебінде Қазақстандағы баспана құны табысы орташа отбасының 10,9 жылдық жиынтық табысына тең деп бағаланған.
Соған қарамастан Қазақстанның көрсеткіші бірқатар Еуропа елінен жақсырақ. Мәселен, Грекия мен Люксембургте баспана құны 11,5 жылдық, Эстония мен Францияда – 11,8, Португалия мен Түркияда – 12,6, Литвада – 12,7, Хорватияда – 13,2, Польша мен Грузияда 13,3 жылдық отбасы табысына тең.
ТМД кеңістігінде де Қазақстанның көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен. Беларусьте баспана құны отбасының 13,8 жылдық табысына тең болса, Қырғызстанда – 14,3, Әзербайжанда – 14,5, Өзбекстанда – 15,3, Арменияда 17,2 жыл.
Ресей мен Тәжікстан бойынша деректер бұл рейтингке енгізілмеген.
Баспана қай елдерде ең қымбат
Рейтингтің екінші шетінде баспана құны халық табысынан бірнеше ондаған есе жоғары мемлекеттер тұр.
Ең күрделі жағдай Сирияда тіркелген. Мұнда баспана құны бір отбасының 86,7 жылдық табысына тең.
Шри-Ланкада бұл көрсеткіш – 40,8 жыл, Қытайда – 34,6, Непалда – 32,8, Камбоджада – 32,5, Филиппинде – 30,1 жыл.
Нигерияда баспана құны отбасының 28,2 жылдық табысына тең. Оңтүстік Кореяда – 26, Иранда – 25,1, ал Монакода 25 жылдық табыс қажет.