Алдағы үш жылда гранттар қай мамандықтарға көп бөлінеді – ресми жауап

Tizgin.kz порталына берген ресми жауабында Ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы үш жылда гранттар қай мамандықтарға көп бөлінетінін хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі талап етілетін кадрларды анықтау бойынша талдау жүргізеді. Өңірлердің және тұтастай алғанда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, білікті кадрларға қажеттілікті болжау есептеулерін жүргізеді, салалар бөлінісінде, оның ішінде өңірлер мен даярлау бағыттары бойынша еңбек ресурстарына сұраныстың жай-күйін бағалайды.
«Мәселен, ел экономикасының 2030 жылға дейінгі орташа мерзімді болжамды қажеттілігіне сәйкес 883 295 маман, оның ішінде инженерлік кадрлар 529 977 немесе 60%, педагогикалық кадрлар – 185 491 немесе 21%, 167 826 немесе басқа сала мамандары кадрларының 19% талап етіледі. Осыған байланысты, келесі үш оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыс осы болжамды ескере отырып қалыптастырылды», – делінген ресми жауапта.
Гранттардың 60% инженерлік және ауыл шаруашылығы кадрларын даярлауға, 21% мұғалімдерді даярлауға және 19% қызметтер, гуманитарлық, бизнес және жаратылыстану ғылымдары сияқты салаларға бағытталған.