Интернет-алаяқтықпен елдің 4 млн теңгесін иемденген “Нұрай” сотталды
Tinder сайтында өзін қыз ретінде көрсеткен Астана тұрғыны 4 млн теңге интернет-алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ресми ақпаратпен Бас прокуратураның баспасөз қызметі бөлісті. Ведомство мәліметінше, күдікті Telegram мессенджерінде бейтаныс қыздың фотосуретін пайдаланып, жалған парақша ашқан. Сол аккаунт арқылы зардап шеккендермен хат алмасып, өзін «Нұрай» деп таныстырған. Әртүрлі сылтаулармен ақша сұрап, жүзбе-жүз кездесуге де уәде берген. Алаяқтыққа ұрынамын деп ойламаған жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам ақшаны оның шотына аударған.
Сот барысында анықталғандай, 20 жастағы ер адам Tinder қосымшасына әйел есімімен тіркеліп, парақшасында Telegram-аккаунтына сілтеме қалдырған. Барлық хат-хабар сол мессенджер арқылы жүргізілген.
Сот оны ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды. Айыбын мойындап, келтірілген шығынды ерікті түрде өтегені ескеріліп, сот оған пробациялық бақылауға алып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.