
Мәжіліс депутаты әрі заңгер Абзал Құспан энергетика саласының сарапшысы, “Самұрық-Қазына” АҚ қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байділдиновтің мәлімдемелері жайлы Tizgin.kz сұрағына жауап берді.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс кулуарында Абзал Құспан сөз бостандығы деп, бір топқа сөз беріп, екіншісінің аузын байлау дұрыс болмайтынын, ол жерде де дау туындайтынын айтты.
“Ол азаматты соңғы кездерде де ғана танып-біліп жатырмын. Бұрынғы сөздері көп есімде қалмапты. Шамасы ортада көп талқыланбаса керек. Соңғы кезде көріп отырсам, Қаңтар кезінде де көптеген сондай сөздерді айтқан екен. Қателеспесем, энергетика министрі бұл жөнінде өз түсініктемесін берді, ол “өзінің жеке пікірі, министрліктің позициясын білдірмейді” деген бағытты айтты. Содан кейін ол ресми кеңесші емес, штаттан тыс кеңесші. Сондықтан, мұндай азаматтарға қатысты бір ғана шара бар, ол – қолданыстағы қылмыстық кодексте немесе әкімшілік кодексте ел алдында алауыздық туғызатындай мәліметтер таратқаны үшін жауапкершілік көзделген. Сол жауапкершілік негізінде ғана қарастыру керек деп ойлаймын”, – дейді Абзал Құспан.
БАЙДІЛДИНОВТЫҢ БАСЫ НЕ ҮШІН ДАУҒА ҚАЛДЫ
Еске сала кетейік, бұған дейін Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы қоғамдық көлікте жол ақысы 500 теңге болуы керек деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, көлік компаниялары шығынмен жұмыс істеп отыр, ал қазіргі тарифтер олардың шығынын жаппайды.
Байділдинов бұрын да даулы сөздерімен көпке танылған. Мәселен, қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ол газ бағасын көтеруді қолдап, “газ қымбат дейтіндей автобуспен жүре алады” деп те көптің ызасына тигені бар. Ал жақында оның бір жыл бұрын Ресей журналистеріне берген сұхбатында “қазір Қазақстанда сыныптардың 70 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс тілді. Бәлкім, Ресейге бұрынғыдай өз мектептерін ашу керек шығар. Бұл ішкі саяси қайшылықтар да туындатуы мүмкін. Қазақстаннан тағы антиресейді құрғалы жатқан шығар, сол үшін әлбетте, бірдеңе істеу керек” деген еді Байділдинов.