
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында “майордың жарымын” деген Айдана есімді әйел күйеуіне пәтер жалдағаны үшін берілетін ақының қиылып қалғанын айтып, шағымын президент пен қорғаныс министріне жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“ӘСКЕРИЛЕРДІҢ ТЫНЫСЫ ТАРЫЛДЫ”
Айдананың айтуынша, күйеуі бес жыл бойы офицер болу үшін оқу оқыған.
“Мен әскеридің әйелі ретінде жанайқайымды жеткізгім келеді. Осы күнге дейін күйеуімнің алған айлығын айтудың өзі ұят. Қолға 270 мың теңге тиді. Бір ай бұрын ол майор шенін алды да, айлығы 320 мың теңгеге көтерілді. Біз пәтерді коммуналдық төлемдерін қосқанда 150 мың теңгеге жалдап отырмыз. Пәтер ақысынан қалатын 70 мың теңге бар. Біз әйтеуір, күн көріп жүрдік. Біз артық қозғала да, қыдыра да алмаймыз. Ақшаны жинау туралы айтпай-ақ қояйын. Қыдыру біз үшін байлықпен бірдей”, – дейді ол.
Әскеридің жары енді осы айдан бастап пәтер жалдағаны үшін берілетін ақша қиылып қалғанын айтады.
“Не себепті сіздер тек әскери адамдардың тынысын тарылтуға дайынсыңдар!? Қашанғы осылай өмір сүруге болады? Ешкім қазір мұндай айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Күйеуім күн аралатып жұмыста жоқ. Бүгін бір тәулікке кетсе, ертең келген бишара ұйықтай да алмайды. Балалар ұйқы бермейді. Ал ертеңінде тағы жұмысқа жегіледі. Ол денсаулығын құртып жатыр. Неге? Әскерилерден басқа сонда ешкім жоқ па? Не сұмдық? Не өмір? Біз осы айда күн көру үшін алтындарымызды өткізіп жатырмыз. Азық-түлік пен еттің бағасын көрдіңдер ме? Менің балаларым кішкентай. Балалары мектеп оқитын балаларын әскерилер қалай киіндіреді?” – дейді ол.
Айдананың осы посты көп адамды қозғап жіберген. Оның постына 8 мыңнан астам адам пікір қалдырып, олар да әскерилердің туған-туысы, жары екенін жазып, қолдау білдірген. Алайда “майор әйелін ұстай алмады ма?” деп сынағандар да болған.
Осы жазбадан кейін қорғаныс министрлігі тарапынан ешқандай реакция әлі болған жоқ.
Tizgin.kz ведомствоға сұрау жолдады. Жауап келген бетте жарияланады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram