Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған, деп хабарлайды Tizgin.kz Policia.kz-ке сілтеме жасап.
КӨЛІКТЕРДІ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРҒАН
Мәлім болғандай, 19 қаңтар күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Анықталғандай, күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан, – делінген ақпаратта.
ТІНТУ КЕЗІНДЕ СУЫҚ ҚАРУ ТӘРКІЛЕНДІ
Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған. Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізілуде.
Тінту іс-шаралары барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізілуде, негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген ақпаратта.