ЕрекшеОқиға

Әкесін өлтіріп, қызын ұрлаған күдіктінің ісі: Талғарда прокуратура полицияның үстінен іс қозғады

Ақпаратты Алматы облыстық прокуратурасы таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы 6 қыркүйекте облыс прокуратурасымен Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігі фактісі бойынша (ҚК 370-бабы 4-бөлігі) қылмыстық іс қозғалған.

Олардың тарапынан зорлау жасады деген күдіктіні ұстау және қажетті шаралар қабылдау бойынша әрекет жасалмаған. Салдарынан күдікті Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылында ер адамды өлтіріп, кәмелетке толмаған қыз баланы ұрлаған”, – делінген хабарламада.

Аталған қылмыстық іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында тұр. Прокуратура жалған ақпарат таратқаны үшін заңмен жауапкершілік көзделгенін ескертеді және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, адвокат Гаухар Сариева бұған дейін күдікті – автосервис қызметкері екенін хабарлаған еді. Адвокаттың айтуынша, күдікті бір ай бұрын Сариеваның сіңлісін зорлады деп айыпталған. Полиция бұл іс бойынша ешқандай шара қолданбаған дейді адвокат.

Гаухар Сариева күйеуімен бірге күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған, алайда келесі күні тәртіп сақшылары оны босатып жіберген. Осыдан кейін ер адам Сариеваның сіңлісіне қоқан-лоқы жасай бастаған. Сол күні кешке күдікті жәбірленушінің жездесінің үйіне келіп, оны атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен.

Back to top button