ЕрекшеЭксклюзив

«Әкемнің денсаулығы нашарлап кетті»: Тұрғанбай Әлімнұрдың Қытай түрмесінде жатқанына үш айға жуықтады

Қытай полициясы ұстаған Тұрғанбай Әлімнұрдың отбасы Қазақстан билігінен тағы көмек сұрады. Олар үш айға жуық уақыт Қытай түрмесінде жатқан жақынын Қазақстанға қайтара алмай жүр, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

Бірнеше жыл бұрын Қытайдан көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған Тұрғанбай Әлімнұр шілде соңында жұмыс бабымен Қытайдың Құлжа қаласына барғанда ұсталған. Қытай билігі Қазақстанның сол елдегі консулдығына берген жауабында Әлімнұрда қос азаматтық бар екенін, Қытайда қос азаматтыққа тыйым салынғанын айтқан. Ал Әлімнұрдың отбасы оның Қытайда тіркеуі жойылғанын айтып, оны “жалған айыптармен” ұстап деп санайды. Тұрғанбай Әлімнұрдың үстінен «қос азаматтығы бар» деген күдікпен қамауға алынған.

«ӘКЕМДІ ШЫНЖЫРЛАП КӨШЕДЕ ЖҮРГІЗГЕН»

Tizgin.kz порталына хабарласқан Тұрғанбай Әлімнұрдың Риза Әлімнұр әкемнің жоғалғанына 84 күн болды деді. Туған-туыстары оның не себепті қамалғанын сұрағанда «қос елдің азаматтығы болғаны үшін ұсталды» деген жауап келген.

«Бірақ қазір қос азаматтық бізде жоқ екенін, әкемнің Қазақстан азаматы екенін өздері растап отырғанымен, Қазақстан тарапы «тағы да бір растауымыз керек» деп отыр. Қытай жақтан жауап күтіп отырмыз. Қытай жақ үш айдан бері жауапсыз болса біз әлі қанша күтуіміз керек? Біз әкемнің денсаулығына қатты алаңдап отырмыз. Өткен жолы Қытайдағы туған-туыстарына әкем денсаулығы нашар екенін, асқазаны ауыра бастағанын айтқан екен. Ол жер өте қатты суық болғандықтан, қалың киім сұратып, «денсаулығым нашар» деп айтыпты. Тағы да біз ұзақ уақытқа соза берсе әкеме не болатынын білмеймін. Денсаулығы онсыз да аз адам еді», – дейді Әлімнұр Тұрғанбайдың қызы.

Риза Әлімнұр Қазақстан СІМ-ге, сол жақтағы бас консулға деректердің бәрін беріп отырғанымен, одан түк шықпағанын айтты. Сөзінше, консулдық есебінен адвокат жіберілмеген. Ал өздері жалдаған адвокат бұл іске араласса да, «Қытайға бара алмаймын» деп бас тартқан. Қытайдан адвокат іздеп көргенде ол жақтағылар бұл іске кіріспейтінін айтқан.

«Біздің жағдай қиындау екен. Әкемді Қытай да, Қазақстан да өз азаматымыз деп отыр. Бірақ ол кісінің отбасымен Қазақстанда тұрып жатқанына біраз жыл болды. Қолымызда оны растайтын құжаттар бар. Әкем бұрын Қытайда тұрған жерінен көшіп кеткеніне 8-9 жыл болған. Сол жердегі әкемнің басына қара пакет кигізіп, қол-аяғын шынжырлап, екі рет көше аралатқан. Соның бәрін ауылдастары айтты. Денсаулығы нашар екенін туыстарымыз хабарлап жатыр. Соған біз қайта-қайта Сыртқы істер министрлігіне жүгінгенімізбен, олар біз «тек Қытайдың жауабын күтіп отырмыз» дейді. Қанша күтетінімізді бірақ білмейміз. Бізге «нота жібердік» дейді. Бірақ ол нотасында «Тұрғанбай Әлімнұрдың бостандығы» жайлы сөз қозғалмаған», – дейді ол.

Қазақстан ІІМ криминалдық полиция департаменті Ризаға берген жауабында «әкеңізге қатысты 2025 жылы 17 қыркүйекте сот отырысы өтті, келесі отырыс қазан айының басына тағайындалды» деп жауап берген.

«Қазақстан Үкіметі әкемнің ісіне назар аударса дейміз. Осы істі үлкен дәрежеге шығарып берсе дейміз», – дейді Риза Әлімнұр.

Азаттық бұған дейін Риза Әлімнұр Алматы әкімдігі алдында әкесінің суретін ұстап шыққанын жазған. Оның жанында анасы Гүлдәрия Шеризатқызы тұрған. Ол қызын қолдап келгенін айтқан. Әкімдік пен полиция өкілдері бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзып отырсыздар деп ескерту айтты. 

Адам құқығын қорғау бюросының дерегінше, Тұрғанбай Әлімнұрдың отбасы оның жағдайына биліктің назарын аударту үшін сегізінші рет шығып отыр. Бұған дейін де Қытайдың Алматыдағы консулдығы және Қазақстан СІМ өкілдіктеріне де барғанда оларды полиция ұстап, айыппұл салған еді.

Back to top button