Қытай полициясы ұстаған Тұрғанбай Әлімнұрдың отбасы бүгін, 29 тамызда Алматы әкімдігінің алдына келіп, Қазақстан билігінен жақындарын қайтаруға көмектесулерін сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.
Тұрғанбайдың қызы Риза Әлімнұр әкімдік алдында оның суретін ұстап, “Тұрғанбай Әлімнұрға бостандық!” деп айқайлады. Оның жанында анасы Гүлдәрия Шеризатқызы тұрды. Ол қызын қолдап келгенін айтты.
“Қытайда қос елдің азаматы деген жалған айыппен қамалып отырғанына 38 күн болды. Осы уақыт бойы бізге ешқандай хабар түскен жоқ. Қос елдің азаматы деген жалған айыпты ғана айтып отыр. Біз оны мойындамаймыз. Біз Тұрғанбай Әлімнұрды отбасына қайтаруды сұраймыз. Жазықсыз қамалып жатыр. Ол Қазақстан Республикасының азаматы” деді Риза Әлімнұр.
Әкімдік пен полиция өкілдері бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзып отырсыздар деп ескерту айтты.
Адам құқығын қорғау бюросының дерегінше, олар осымен Тұрғанбай Әлімнұрдың жағдайына биліктің назарын аударту үшін сегізінші рет шығып отыр. Бұған дейін Қытайдың Алматыдағы консулдығы және Қазақстан СІМ өкілдіктеріне де барған оларды полиция ұстап, айыппұл салған еді.