Ерекше

Әйелді ұрып-соққан Қандыағаш әкімі жұмысынан кетпеген. Әкімдік себебін түсіндірді

Аталған оқиға шенеуніктің жұмыс кабинетінде болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

СОТТА НЕ АЙТЫЛДЫ

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотында Кандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралды. Мемлекеттік органның баспасөз қызметі ақпаратынша, ол әйел адамға қол жұмсағаны үшін кінәлі деп танылып, 80 айлық есептік көрсеткіш (314 560 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сот деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 26 желтоқсанда әкімдік ғимаратындағы кабинетте Қазбек Аққайыр мен оның танысы арасында жанжал шыққан. Кикілжің барысында әкім әйелдің иығы мен басына бірнеше рет соққы жасап, ауырғаны сезілетіндей күш қолданды. Ол жеңіл дәрежедегі жарақатқа жатпайтын көрінеді.

ПРОКУРОР СҰРАҒАН ЖАЗА

Мемлекеттік айыптаушы Қазбек Аққайырды кінәлі деп танып, айыппұл тағайындауды сұраған. Сот бұл талапты қанағаттандырды. Бірақ әкім сот үкімін әлі де болса жоғары тұрған инстанцияда қайта қаратуға құқылы.

Өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, сот үкімі әлі заңды күшіне енбегендіктен Қазбек Аққайыр қазір қызметін жалғастырып жатыр.

Back to top button