Ерекше

Әбенов Көлік министрлігінің жұмысын сынға алды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов биыл ең төмен нәтиже көрсеткен министрлік ретінде Көлік министрлігін атады, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

НАРАЗЫЛЫҚ НЕДЕН ШЫҚТЫ

Оның айтуынша, такси мен авиация саласында тәртіпсіздік пен монополия әлі де сақталып отыр, ал ведомствоның жағдайды реттеуге берген уәделері орындалмаған.

«Мен бір жыл бойы Көлік министрлігіне көңілім толмай келеді. Такси саласында былығып жатқан нәрсе көп. Бұл мәселені екінші жыл қатарынан көтеріп жүрміз. Олар “Яндекстің” орнына басқа компания енгіземіз деді. Келіссөздер жүріп жатыр деп, екі жылдан бері уәде берумен келеді. Министр ауысты, бірақ компанияның бір бөлігіндегі монополия сол күйі қалды», – деді Әбенов Мәжілістің пленарлық отырысы кулуарында.

Депутаттың айтуынша, такси жүргізушілері күніне 12 сағат жұмыс істеуге мәжбүр. Табысының 20-25 пайызын агрегаторға береді, алайда аурухана парағы да, әлеуметтік кепілдіктер де жоқ.

«Таксист мүлде құқықсыз. Бұл шамамен 100 мыңнан астам адам. Көлік министрлігі “Өскеменде APARU деген қазақстандық компания бар, ол қазір 50-60 теңге алады” деп уәде еткен. Бірақ оларды нарыққа кіргізбей отыр. Бұған сол баяғы “Яндекс” кедергі келтіруде. Сондықтан біз министрлікке наразымыз», – деді ол.

ДЕПУТАТТЫҢ БЕКТЕНОВКЕ ҰСЫНЫСЫ

Мұрат Әбенов авиация саласындағы ахуалды да қатаң сынға алып, онда бақылау жоқ деп баса айтты.

«Авиацияда да былық көп. Ақылға қонымлы айыппұлдар жоқ, рейстер үнемі кейінге шегеріледі. Бірде ұшақ өртенеді, бірде аккумуляторы істен шығады, бірде әуеден кері қайтады. Мұндай жағдай бұрын болмаған, соңғы екі-үш жылда ғана көбейді. Неге? Өйткені бір компанияның монополиясы мүмкіндік бермей отыр», – деді депутат.

Сондай-ақ ол 2020 жылы заңға енгізілген қайтарылмайтын әуе билеттері нормасын еске салды. Әбеновтің айтуынша, мұндай тәжірибе халықаралық практикада жоқ.

«Үкіметпен және Президент әкімшілігімен “қайтарылмайтын билеттер” деген ұғымды алып тастауға келіскенбіз. Алайда кезінде осы түзетулерді өзі алға тартқан Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қазір олардың күшін жоюға қарсы шығып отыр. Премьер-министр қолдаған шешімге вице-министрдің қарсы шығуы да шешім қабылдаудағы шалағайлық», – деді Әбенов.

Депутат вице-министр жауапкершілігін қарау жөнінде премьер-министр Олжас Бектеновке ұсыныс енгізетінін де айтты.

«Егер ол әуе компанияларын қорғағысы келсе, жеке әуе тасымалдаушыларының қауымдастығына барсын. Вице-министр қызметінде оның не істеп отырғаны түсініксіз», – деп түйіндеді ол.

Back to top button